Ешбір бала назардан тыс қалмауға тиіс

/
Ешбір бала назардан тыс қалмауға тиіс
istockphoto

Бала атаулының арманы да, қабілеті де, болашаққа деген үміті де бір-бірінен кем емес. Тек олардың сол арманға жету жолы әртүрлі болуы мүмкін.  Бірі білімді тез меңгерсе, енді бірі әрбір жаңа дағдыны бойына сіңіру үшін көбірек уақыт пен айналасындағылардың қолдауын қажет етеді. Алайда кез келген бала мүмкіндігі шектеулі болса да, сапалы білім алуға, қатарластарымен бірге оқуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға құқылы. Осы тұрғыдан алғанда, инклюзивті білім беру – білім саласындағы бастама емес, адамға деген құрмет пен теңдікке негізделген ізгі қоғамның көрінісі. Өйткені нағыз білімді қоғам ешбір баланы шет қалдырмайды, керісінше, әрқайсысының бойындағы қабілетті ашуға мүмкіндік береді. Бұл бағыт Қазақстан үшін де маңызды әлеуметтік міндеттердің біріне айналып отыр.

Қазір елімізде инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Ерекше балалардың саны кейінгі төрт жылда 26 пайызға өсіпті. Мысалы, 2023 жылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны 185 мың болса, 2024 жылы 203 мыңға жеткен. 2025-2026 оқу жылының басында олардың 70 мыңы мектепке дейінгі, 165 мыңы мектеп жасындағы балалар ретінде тіркелген. Бүгінде осы санаттағы балалардың 213,7 мыңы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылса, 96 мыңнан астам бала жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті жағдайда білім алып жүр. Сонымен қатар елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 541 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Алайда салада кадр тапшылығы әлі де сезіледі. Ресми деректер бойынша өңірлерге қосымша 3 408 арнайы педагог қажет. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда инклюзивті білім беруді дамытуға қатысты нақты қадамдарды атап өтті. Яғни, сала басшыларына ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инфрақұрылымды жетілдіру, арнайы мамандар даярлау және ерекше балаларды қолдау қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеттері жүктелді. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы ең алдымен білікті мамандарға байланысты. Өйткені инклюзивті білім алуға тиіс балалардың білім жолындағы әрбір қадамына қолдау көрсете білу, оның жан дүниесін түсініп, қабілетін тану  –  кәсіби мамандардың жұмысы. Логопед, дефектолог, педагог-психолог, арнайы педагог және педагог-ассистент секілді мамандардың еңбегі осы тұста айтарлықтай маңызға ие. Елімізде мұндай мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждерде арнайы педагогтер даярлау ісін жетілдіріп, олардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі күн тәртібін түскен жоқ. Сонымен қатар білікті кадрлардың шалғай елді мекендер мен өңірлерде тұрақтап жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау да маңызды. Себебі баланың сапалы білім алуы оның қай өңірде тұратынына немесе қандай әлеуметтік ортада өскеніне тәуелді болмауы тиіс. 

Инклюзивті білім беру мәселесінде Президент атап өткен тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – баланың дамуындағы ерекшелікті ерте кезеңде анықтап, оған дер кезінде көмек қолын созу. Расымен де, бала бойындағы ерекшелікті неғұрлым ерте байқаса, оған қажетті көмек уақытында көрсетілсе, баланы болашақта оң өзгеріске жетелеу жеңіл болмақ. Осы орайда медициналық ұйымдар, балабақшалар, мектептер мен психологиялық-педагогикалық түзету мекемелері бір-бірінен оқшау жұмыс істемей, ортақ мақсат жолында күш біріктіруі қажет. 

Әсел Мақсатқызы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары