Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола облысында полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
8-9 қараша күндері өңірдегі бірқатар тасжолда жазғы дөңгелекпен жабдықталған көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Атап айтқанда, шектеулер Астана — Щучинск, Астана – Шідерті – Павлодар және Көкшетау – Атбасар бағыттарында қолданылды.
Сонымен қатар ауа райы мен жол жағдайына байланысты республикалық тасжолдардың жекелеген учаскелерінде жылдамдық режимі төмендетілді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам жүргізушіні кері қайтарды. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қозғалысқа қатысушылардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.
Полиция қызметкерлері бұған дейін жүргізушілерге қысқы дөңгелекке уақытылы ауысу қажеттігін бірнеше рет ескерткен. Алайда кейбір жүргізушілер ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қыс мезгіліне дайын емес көліктермен жолға шығуын жалғастырған.
Полиция жүргізушілерді қысқы дөңгелекке уақытылы ауысуға, сапарды жоспарлау кезінде ауа райын ескеруге, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауға шақырады. Сондай-ақ жолға шығар алдында автожолдардың жай-күйі мен қолданыстағы шектеулер туралы ақпаратты нақтылау қажеттігін ескертеді.