Мақтаарал ауданында 4 жасар бала тиын жұтып қойып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер шұғыл медициналық көмек көрсетіп, баланың өңешіне тұрып қалған тиынды алып шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Түркістан Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, тиын өңештің жоғарғы бөлігіндегі алғашқы физиологиялық тарылу аймағына тұрып қалған. Мұндай жағдайда бөгде зат ісіну мен түйілуге әкеліп, тыныс алу және жұтыну процесін қиындатуы мүмкін.
Дәрігерлер балаға шұғыл түрде емдік-диагностикалық эзофагогастродуоденоскопия (ЭГДС) жасады. Жоғары санатты эндоскопист дәрігер Бабуржан Рахманқұлов арнайы эндоскопиялық қысқыштың көмегімен тиынды өңештен алып шықты.
Процедура сәтті өтіп, өңештің шырышты қабаты зақымданбады. Ешқандай асқыну тіркелген жоқ. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол дәрігерлердің бақылауында.
Мамандар бес жасқа дейінгі балалардың ұсақ заттарды аузына жиі салатынын ескертіп, ата-аналарды сақ болуға шақырды. Әсіресе тиын, батарейка, магнит және ойыншықтардың ұсақ бөлшектерін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау қажет.
Егер бала бөгде зат жұтып қойды деген күдік туындаса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Дәрігерлер жұтылған затты нанмен итеріп түсіруге немесе баланы өздігінен құстыруға болмайтынын ескертеді.
Медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді.