Екібастұзда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

/
Екібастұзда мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Polisia.kz

Криминалдық полиция қызметкерлері Екібастұзда 40 басқа жуық ұсақ мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен бір топ адамды ұстады. Күдіктілер өңір тұрғындарының үй жануарларын жүйелі түрде ұрлап отырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қаскөйлердің қолды қылғаны – ұсақ мал.

– Жедел-іздестіру іс-шараларының кешені барысында барлық күдіктінің жеке басы анықталды. Олардың облыс тұрғындары екені белгілі болды. Тінту жүргізу кезінде төрт бас ұсақ мал және қылмыс жасауға пайдаланылған өзге де заттар табылып, тәркіленді, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.

Төрт күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау түрі таңдалып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Ведомство өкілдері ауыл тұрғындары үшін мал жай ғана мүлік емес, негізгі табыс көзі әрі бірнеше айлық еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

Полиция әрбір факті бойынша кінәлілерді анықтау, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту және ұрланған мүлікті қайтару бағытында қажетті шараларды қабылдауда.

Бұдан бөлек, жедел уәкілдер күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары