ҰҚК Шекара қызметі қазан айында құзырлы органдармен бірлесіп, шекара аумағында 3 318 ҚР заңнамаларын бұзушыларды ұстады, соның ішінде 2 791-і шетел азаматы болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2,1 млрд теңгеден асатын сомада тауарлар мен жүктерді шекара арқылы заңсыз өткізудің 1 267 фактісінің алды алынды.
Каспий су айдынында браконьерлікпен айналысудың 119 фактісінің алды алынды, 88 км браконьерлік құрал, сондай-ақ 187 дана (933 кг) бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Алдын алынған шығын сомасы 413 млн теңгеден астамды құрады.
Құзыреті шеңберінде Шекара қызметі 47 қылмыстық іс қозғап, тергеу шаралары жүргізілуде.
Сондай-ақ 35 млн теңгеден астам айыппұл салынған 3 021 әкімшілік іс өндірісте. Қалған фактілер бойынша материалдар процессуалдық шешімдер қабылдануы үшін құқық қорғау және сот органдарына жіберілді.