Астанада Президент Жолдауының негізгі бастамалары түсіндірілді

/
Астанада Президент Жолдауының негізгі бастамалары түсіндірілді
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруге арналған бірқатар кездесулер өтті. Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері қала тұрғындарымен бас қосып, әлеуметтік қолдау, экономиканы дамыту, цифрландыру және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жалпы саны 10 кездесудің әрқайсысы белгілі бір сала өкілдерімен өзекті мәселелерді талқылауға арналды. Атап айтқанда, кәсіпкерлермен кездесу «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында, студенттермен жүздесу Назарбаев Университетінде, ал мемлекеттік қызметшілермен басқосу «Есіл» ауданы әкімдігінде ұйымдастырылды. Әлеуметтік бағыттағы кездесулер «Жансая» қызмет көрсету орталығында, №70 мектеп-лицейде, Еңбек мобильділігі орталығында және №6 қалалық емханада өтті. Сонымен қатар Astana Hub-та, «Нұра» ауданы әкімінің аппаратында және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде кездесулер өткізілді. Бұл алаңдар түрлі сала мамандары мен тұрғындардың Жолдауда көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасуына жағдай жасады.

Экономика мен қоғамдық бастамаларға арналған кездесулерде Құрылтай депутаты, профессор Дихан Қамзабекұлы Жолдаудың екі маңызды бағытына – «Халықтық құрылыс» жобасына және халықтық цифрлық экономиканы дамыту ісіне тоқталды. «Халықтық құрылыс» аясында әлеуметтік, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жоспарланса, цифрлық экономиканың мақсаты – технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы кәсіпкерлікті өркендету және азаматтардың табысын арттыру.

Әлеуметтік саясат мәселелерін талқылау барысында Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина халыққа көрсетілетін көмектің атаулы әрі тиімді болуы қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттік қолдау ең алдымен қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға бағытталуы керек. Сонымен қатар кездесу барысында ең төменгі жалақыны көтеру, инфляция деңгейін тұрақтандыру, егде жастағы адамдар мен цифрлық қызметтерді қолдануда қиындық көретін азаматтар үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері сөз болды.

– 2029 жылдың соңына дейін «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Құрылыс нысандарын анықтау кезінде халық санының өзгеруін, өңірлердің нақты сұранысын және болашақта мектептерге, ауруханаларға, оңалту орталықтары мен басқа да әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті ескеру маңызды. Бұған қоса, дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс, – деді Ольга Перепечина.

Astana Hub алаңында IT саласының өкілдерімен өткен кездесуде Құрылтай депутаты, Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев цифрлық технологиялардың ел дамуының барлық дерлік бағыты үшін маңызды екенін айтты. Оның мәліметінше, Қазақстанның IT-қызметтер экспорты соңғы бес жылда шамамен 30–33 млн доллардан 1 млрд долларға дейін ұлғайған. Ендігі мақсат – отандық IT-компаниялардың халықаралық нарықтарға шығуына қолдау көрсету, сондай-ақ өңір тұрғындарына цифрлық платформалар арқылы жұмысқа орналасуға, тауарлары мен қызметтерін ұсынуға мүмкіндік жасау.

Кездесу барысында Дархан Ахмедиев құрылыс саласында цифрлық егіздерді қолданудың артықшылықтарын да түсіндірді. Бұл технологиялар болашақта қандай нысандар салу қажеттігін алдын ала бағалауға, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық желілердің мүмкіндігі мен жүктемесін есептеуге көмектеседі.

Аталған жиындарға қатысқандар Жолдауда көрсетілген міндеттердің бір-бірімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту үшін тұрақты энергетикалық жүйе мен озық технологиялар қажет. Ал ұсынылған бастамаларды іске асырудың түпкі мақсаты – жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру, мемлекеттік және қоғамдық қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары