Алматыда көлік қоятын орынға байланысты туындаған жанжал кезінде мойнына пышақ сұғылған ер адам көз жұмды. Оқиға 4 қазан күні кешке болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Марқұмның туыстары мен оқиға куәгерлерінің айтуынша, 37 жастағы Данил Щетников пен көршісі арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. Марқұмның жақындарының сөзінше, жанжалдан кейін қатысушылардың бірі бауырына телефон соққан. Оқиға орнына келген ер адам Данилдің мойнына пышақ сұққан.
Жараланған ер адам ауруханаға жеткізілгенімен, бір аптадан кейін қайтыс болды.
Полицияның мәліметінше, ер адамдар арасында ауызша жанжал туындап, соның салдарынан жәбірленуші өлімге әкелген жарақат алған. 37 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынған.
Қазіргі уақытта абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Ал куәгерлердің айтуынша, жанжал болған көлік тұрағында үсті матамен жабылған жол талғамайтын көлік тұр. Олардың сөзінше, оқиғадан кейін көлікке тас лақтырылып, бүйір әйнегі сындырылған.
Данил Щетниковтың туыстары қылмыстық істі кісі өлтіру бабына қайта саралауды талап етіп отыр. Оқиғаға түпкілікті құқықтық баға тергеу мен сот талқылауының нәтижесі бойынша беріледі.