Жетісу облысында 6 ауылдық округ алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты

/
Жетісу облысында 6 ауылдық округ алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты
istockphoto.com

Жетісу облысында алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, Панфилов ауданында «Алкогольсіз ауыл - қауіпсіз қоғам» ұранымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Негізгі мақсат - алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендету, салауатты өмір салтын қалыптастыру және тұрғындар мен кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру.

Бұл жұмыстың өзектілігі аталған санаттағы құқық бұзушылықтар деңгейінің сақталуымен байланысты. 2026 жылдың 8 айында ауданда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 1,7%-ға (417-ден 424-ке дейін), ал қылмыстық құқық бұзушылықтар 4,2%-ға (95-тен 99-ға дейін) өскен.

Жүргізіліп жатқан жұмыстарды ауданның алты ауылдық округінің кәсіпкерлері қолдап, алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тартты.

2026 жылғы 3 қыркүйекте Панфилов ауданы прокуратурасының бастамасымен заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру саласындағы өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар алкогольдік масаң күйде жасалатын тұрмыстық қылмыстар мен өзге де құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендетуге, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Жалпы, облыс бойынша бүгінгі күнге 25 ауылдық округтің кәсіпкерлері алкоголь өнімін сатудан бас тартты.

Жетісу облысының прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар