Маңғыстауда табиғи нысанды бүлдірген тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды

/
Маңғыстауда табиғи нысанды бүлдірген тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғалды
Скриншот

Маңғыстау облысында «Ыбықты сай» табиғи нысанында вандализм жасады деген күдікпен 34 жастағы ер адам ұсталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, вандализм фактісі әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.

«Осы факті бойынша қылмыстық іс бойынша тергеу басталды. 34 жастағы күдікті ер адам ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Полиция вандализм жасауға және табиғи нысандарды бүлдіруге жол берілмейтінін атап өтті.

«Мұндай әрбір фактіге құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылады», – деп атап өтті полиция.

ҚР Қылмыстық кодексінің 294-бабына сәйкес, вандализм жасағаны үшін 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін (432 500-ден 865 000 теңгеге дейін) айыппұл салу, осы мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Ыбықты сай шатқалында вандализм жасалғанын куәгерлер видеоға түсіріп алған еді. Кадрларда ер адамның белгісіз затпен жартастың бетіне жазу ойып жатқаны көрінеді. Видео әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары