«Нағашылары тілі шықсын деп ішекпен қылқындырды»: Этнограф бұл ырым туралы не дейді?

/
«Нағашылары тілі шықсын деп ішекпен қылқындырды»:  Этнограф бұл ырым туралы не дейді?
istockphoto.com

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде «нағашылары тілі шықсын деп ішекпен қылқындырды» деген атаумен видеоларды көзіміз шалып қалады. Мұны білетін көпшілік сөйлейтін жасқа келсе де тілі шықпай жүрген баланы нағашылары арнайы мал сойып, оның ішегімен мойнынан тартып, ырымдау екенін түсіндіріп жатса, енді бірі бұл көне ырымнан бейхабар екенін жазып, ол туралы сұрастырып жатады. Turkystan.kz тілшісі этнограф Бұлбұл Кәпқызынан аталған ырымның мәні мен шығу төркіні туралы сұрап көрді.

«Біз – ырымға сенген халықпыз. Наным-сенімге көп жүгінеміз. Күнделікті тұрмыста жасалатын әрекеттердің астарында осындай сенімдер жатыр. Олардың барлығы міндетті түрде ғылыми тұрғыдан түсіндірілген нәрсе емес, көбіне ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен. Сондықтан осылай жасаса, баланың тілі шығады деген ырым бар және соған сенген. Оның түпкі мәні адамның балаға деген тілегінен, оның амандығын, өсіп-жетілуін қалаған ниетінен шыққан», – деді этнограф.

Бұлбұл Кәпқызының сөзінше, бұл ырымды қазіргі түсініктегідей «қылқындыру» сөзімен қабылдауға болмайды.

«Бала кезімнен бұл ырымды өзім де көріп өстім. Бірақ дәл неліктен қойдың ішегін пайдаланатынын біле қоймаймын. Мал ішегінің емдік қасиеті бар деген түсінік бар. Қазақ халқы малдың дүниесін береке-бірлікке қатысты ырымдарда осылай пайдаланған ғой.

3-4 жасқа келіп, тілі шықпаған баланың нағашылары қой сойып, ащы шегімен баланың мойнының астына салып, ырымын ғана жасаған. Ол жерде буындырмайды немесе қатты қылқындырмайды. Бала білмеуге тиіс. Сол кезде денесі тітіркеніп, шошығанда тілі шығады», – деді Б. Кәпқызы

Этнограф дәстүріміздегі көп ырымның шығу себебін нақты түсіндіру қиын болғанымен, халық жадында сақталып қалғанынын айтты. Сондықтан мұндай дүниелерді тек ырым ретінде ғана емес, халқымыздың дүниетанымының бір бөлігі ретінде қарау керек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары