"6 жыл жасалған": Dyson $500 тұратын жаңа тіс щеткасын сатылымнан алып тастады

/
"6 жыл жасалған": Dyson $500 тұратын жаңа тіс щеткасын сатылымнан алып тастады
сурет: istockphoto.com

Dyson алты жыл бойы жасаған CameraJet электр тіс щеткасы сатылымға шыққаннан кейін көп ұзамай дүкендерден жоғала бастады. Құрылғының бағасы АҚШ-та 499 доллар болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Компания жаңа өнімді жасауға алты жыл жұмсап, оған қатысты 38 патент рәсімдеген. CameraJet кәдімгі электр щеткасының қызметін ғана атқармайды: оған камера мен тіс арасын сұйықтықпен тазартатын жүйе орнатылған. Арнайы алгоритм 470 мың стоматологиялық сурет негізінде үйретілген және тазалауды қажет ететін аймақты шамамен 100 миллисекунд ішінде анықтайды.

Алайда 8 қыркүйекте АҚШ-та сатылымға шыққан құрылғыға қатысты шағымдар келесі күннен-ақ пайда болған. Кейбір қолданушылар щетканың батарея орналасқан бөлігіне су кіргенін, ал құрылғы алғашқы қолданудан кейін немесе бірнеше минут ішінде істен шыққанын хабарлаған.

Consumer Reports сынақтан өткізген CameraJet те қорабынан шығарылғаннан кейін 24 сағат өтпей жұмысын тоқтатқан.

Бірнеше күннен кейін өнім Франциядағы Dyson дүкендері мен сайтынан жоғалған. Кейін АҚШ, Ұлыбритания және Сингапурдағы сатылымдарда да CameraJet қолжетімсіз болған.

Соған қарамастан Dyson өнімді ресми түрде кері қайтарып алмағанын мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, CameraJet-ке сұраныс жоғары болғандықтан қор азайған және өндіріс көлемі ұлғайтылып жатыр.

Сонымен қатар Dyson алғашқы партиялардың аз бөлігіне әсер еткен «бір компонентке қатысты ақау» анықталғанын растады. Компания нақты қандай бөлшектен проблема шыққанын және қанша құрылғы зардап шеккенін жарияламады.

Жөндеу саласының мамандары негізгі мәселе құрылғы ішіне су кіруімен байланысты болуы мүмкін деп болжайды. iFixit басшысы Кайл Уинстің пікірінше, ақау корпустың герметикалығына, бөлшектердің дәл келмеуіне немесе өндіріс кезінде қолданылған желімге қатысты болуы ықтимал.

Ал британдық Ripcord Designs компаниясының техникалық директоры Адам Тонер судың батарея бөліміне өтуі құрылғының заряд алмауы, қызып кетуі немесе мүлде қосылмай қалуы сияқты ақауларды түсіндіре алатынын айтады.

Dyson CameraJet сатылымға қашан қайта оралатынын нақтылаған жоқ. Компания әзірге ақаулы алғашқы партиялардағы құрылғыларды сатып алған клиенттерге қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары