Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясына қатысып, сөз сөйледі. Президенттің кіріспе сөзі еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің сабақтастығы мен жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айқын аңғартты, деп хабарлайды turkystan.kz.
– Бұл күн еліміз үшін аса маңызды, шын мәнінде тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ, – деді Президент.
Елдегі ең жоғары консультативтік мекеме мәртебесінің берілуі қоғамның түрлі өкілдері мен әлеуметтік топтарының үнін заңнамалық және стратегиялық деңгейде ескеруге мүмкіндік береді. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын институционалдық тұрғыдан орнықтырудың айқын қадамы.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы – еліміздегі саяси жүйені демократияландыру мен мемлекеттілік негіздерін нығайтуға бағытталған стратегиялық вектордың заңды жалғасы. Бұл институт алдағы уақытта маңызды мемлекеттік шешімдерді сараптаудың, қоғамдық консолидацияның және елдегі тұрақтылықты сақтаудың басты кепіліне айналуға тиіс.
– Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ. Бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет, – деді Президент.
Конституция – халқымыздың мәңгілік темірқазығы
Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін түбегейлі қайта жүктеу кезеңінің түйінделуін де, сонымен бірге оның сапалы жаңа деңгейге өтуін де атап өтті.
«Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз. Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік. Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді. 28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды. Міне, енді Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Тұтас бір жыл ішінде атқарылған бұл ауқымды жұмыс – жай ғана кадрлық немесе құрылымдық ауыс-түйіс емес, ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін, мемлекеттің және қоғамның сипатын сапалы түрде өзгерткен тарихи белес. Мұндай қысқа мерзім ішінде ірі геосаяси мен ішкі сын-қатерлерге қарамастан, реформаларды жүйелі әрі бейбіт түрде жүзеге асыру – еліміздегі қоғамдық консолидация мен мемлекеттілік негіздерінің мықтылығын айғақтайды.
Жалпы ішкі өнімнің өсуі, инвестиция ағынының артуы және Ұлттық қор активтерінің ұлғаюы – ел экономикасының ішкі-сыртқы сын-қатерлерге төзімділігін білдіретін басты индикаторлар.
– Соңғы 7 жылда ЖІӨ 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты. Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй бой көтереді. 2019 жылдан бастап, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 342 мектеп салынды. Сондай-ақ 1 200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды. Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді. Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады, – деді Президент.
Салынған мектептер, денсаулық сақтау нысандары, жолдар мен тұрғын үй көлемі реформалардың негізгі асыл арқауы – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мен адам капиталын дамыту екені анық. Бұл жетістіктер Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер қатарындағы орнын орнықтырып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді.
Президент қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудың заманауи геосаяси мен әлеуметтік сын-қатерлерге сай жаңа сапаға көтерілгенін де айтып өтті.
– Негізгі заңда адам құқығы мен бостандығын қорғау, заң мен тәртіпті орнықтыру, бірлік пен ынтымақты сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекеттің мызғымас міндеті ретінде айқындалды. Біртұтас ұлт ретінде өскелең ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, Конституцияны қабылдадық. Сол арқылы болашағы жарқын, бағдары айқын Әділетті, Озық әрі Күшті Қазақстанның берік негізін қаладық. Азаматтарымыз Конституцияның ережелерін жақсы біліп, күнделікті өмірде қолданған сайын оның күші де, қуаты да арта түседі. Сол себепті мен Конституция әр адамның қолында жүретін, жұмыс үстелінде тұратын, жеке кітапханасынан орын алатын құжат болуға тиіс деп есептеймін. Біз Конституцияда бекітілген қағидаттар мен құндылықтарды бүкіл ел болып дәріптеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл сөзі ұлттық идеология төңірегіндегі көпжылдық пікірталастарға заңды әрі концептуалды түрде нүкте қойғандай. Бабалар аманаты мен Ұлы даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығын Ата Заң деңгейінде бекіту – мемлекеттілік негіздерін орнықтырудың басты кепілі. Сонымен бірге, Президент Конституцияны күнделікті өмірлік бағдарына айналдыруда асыра сілтеушілік пен формализмге қатаң шектеу қойды. Идеологиялық бағдарды дәріптеу науқаншылдық пен қағазбастылықтан ада, шынайы әрі жасампаз мазмұнмен астарласса ғана Әділетті, Озық әрі Күшті Қазақстанның азаматтық жауапкершілігін қалыптастыра алатынына баса назар аударды.
– Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды. Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады. Ал Президент Әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру. Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды, – деп нақтылады Президент.
Тарихи миссия толығымен орындалды
Қазақстан халқы ассамблеясының жинақтаған бай тәжірибесі мен инфрақұрылымын Халық Кеңесінің қызметіне интеграциялау – қоғамдағы этносаралық келісім моделін жаңа сапалық деңгейге көтерудің тиімді қадамы. Жаһандық геосаяси тұрақсыздық пен дүрбелең шақта ішкі бірлік пен ынтымақты сақтау мемлекеттің басты стратегиялық басымдығы болып қала береді.
– Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн. Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін. Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді. Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады, – деп атап өтті.
Этномәдени бірлестіктерге, БАҚ өкілдеріне және мәдениет институттарына мемлекеттік қолдаудың жалғасуы – «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» ұстанымының конституциялық деңгейдегі шынайы көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сөзі саяси жаңғыру үдерісіндегі институционалдық сабақтастық пен елдегі бейбітшілікті сақтаудың маңыздылығын айқын көрсетеді.
Еліміздегі саяси Жаңғырудың терең рухани-мәдени, әлеуметтік мазмұны бар. Ортақ мәдени мұра мен тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру ісіне бизнес өкілдері мен ауқатты азаматтардың тартылуы – қоғамдық жауапкершілік пен әлеуметтік өтеу мәдениетін қалыптастырудың озық үлгісі.
– Ортақ мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтау, дәріптеу айрықша маңызға ие. Алдағы уақытта еліміздегі тарихи ескерткіштер мен музейлерді ретке келтіруіміз керек. Қазақстанның ауқатты азаматтары аталған ізгі бастамаға белсенді атсалысады деп ойлаймын.
Сонымен бірге, медиация институты, Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, волонтёрлік қозғалыстар сынықты тігіп, елдегі дау-келіспеушілікті бейбіт шешудің және азаматтық ынтымақтастықты нығайтудың пәрменді құралына айналуы тиіс. Су тасқыны кезіндегі бауырластық пен жанашырлық миссиясы дәлелдегендей, жаңа саяси жүйеде қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің рөлі әлсіремейді, керісінше, шынайы жасампаз отаншылдықтың берік тірегі ретінде тереңдей түседі.
Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің қоғамдағы табиғи, шынайы даму динамикасы мен оның ел егемендігін нығайтудағы стратегиялық рөлін де ерекше айтып өтті.
– Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл. Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады. Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздегі ауқымды құрылыс пен инфрақұрылымдық дамудың тек сандық көрсеткіштермен шектелмей, ең алдымен, сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай болуы керегін тілге тиек етті.
– Кейінгі жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды.
Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр. Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер. Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды. Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады. Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған. Сондықтан, жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек. Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет, – деп нақты тапсырма берді.
Еліміздегі ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырулардың тікелей еңбек нарығын дамытуға, әсіресе сұранысқа ие жұмысшы мен техникалық мамандарды даярлауға бағыттау керек. Алдағы жылдары байқалатын кадрлық тапшылық сын-қатерлеріне жауап ретінде техникалық және кәсіптік білім беруді жүйелі реформалау, дуальді оқыту мен кәсіби біліктілікті тану тетіктерін енгізу стратегиялық маңызға ие.
– Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады. Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 млн маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ. Қазір еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан аса студент оқиды. Ерте бастан кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше назар аударылып отыр. Қажетті машықтарды меңгерген, алайда салалық дипломы жоқ адамдар кәсіби біліктілікті тануға арналған 22 орталықта өз құзыретін растай алады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент «Joltap» жобасы сияқты қысқамерзімді әрі тиімді оқыту модельдерінің оң нәтижесін алға тарта отырып, бұл тәжірибені бүкіл ел өңірлеріне тарату қажеттігін жүктеді. Азаматтардың адал еңбекпен табыс табуына, кәсіби тұрғыда өз орнын табуына жағдай жасау – Әділетті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық бағдарының берік өзгермес тұғыры.
Таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндет
– Еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал. Кейбір кәсіпкерлер тұтас ауылды гүлдендіруге зор ықпал етуде. Елімізде мұндай тамаша тәжірибелер бар. Біз үшін елді мекендерімізді дамытуға, онда тұрып жатқан азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға әсер ететін кез келген бастама маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының бұл сөзі елді мекендерді көркейту мен таза әрі қолайлы орта қалыптастырудың тек инфрақұрылымдық мәселе емес, ең алдымен, ұлттық болмыс пен азаматтық жауапкершілікке қатысты стратегиялық міндет екенін айқын көрсетеді. Бұл ретте Президент инфрақұрылым мен тазалықты сақтауды тек мемлекетке жүктеп қоймай, тұтас қоғамды, бизнесті және Халық Кеңесінің мүшелерін бірлесе әрекет етуге шақырады. Жекелеген кәсіпкерлердің ауылдарды гүлдендірудегі оң тәжірибелері мен азаматтық белсенділік – өркениетті мемлекет қалыптастырудың айқын көрінісі. Билік, өкілді органдар мен азаматтық қоғамның өзара серіктестігі негізінде туған жерге қамқорлық таныту – Әділетті де Таза Қазақстанның жаңа қоғамдық этикасы әрі ұлттық намыстың заманауи бағдары.
Қоғамда «Заң мен Тәртіп», «Тазалық пен Табиғатты аялау» қағидаттарын орнықтыруда азаматтық қоғам мен «үшінші сектордың» ерекше рөлін айшықтайды. Президент вандализм мен варваризмге, мәдениетсіздік пен қоғамдық орындарды қасақана ластау фактілеріне қатаң құқықтық әрі қоғамдық тосқауыл қою қажеттігін атап өтті. Бұл контекстте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы жай ғана тазалық науқаны емес, азаматтық кемелдік пен елдің өркениеттілік деңгейін көрсететін басты индикатор ретінде сипатталады. Экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті ұлттық брендке айналдыру – еліміздің халықаралық имиджін, туристік және инвестициялық тартымдылығын арттырудың, сондай-ақ заманауи саналы қоғам қалыптастырудың айнымас кепілі.
«Таза Қазақстан» дегеніміз – адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі. Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек. Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі. Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тарихи жад пен ұлттық сана мәселесін де айналып өтпеді. Мәдени мұраны ұлықтау – мемлекеттік саясаттың басымдығы. Ұлы дала шежіресін, Алтын Орда дәуірін терең зерттеу және еліміздің киелі нысандары мен сәулет жауһарларын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу – төл мәдениетімізді әлемдік деңгейде танытудың сапалы жаңа белесі. Маңғыстаудың бірегей нысандарымен қатар Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі сияқты тарихи-мәдени ескерткіштерді ұлықтау Қазақстандағы мәдени әралуандыққа, барлық этностардың рухани мұрасына деген мемлекеттік деңгейдегі биік құрметті аңғартады. Бұл – тарихи сабақтастық пен қоғамдық келісімді арқау еткен жасампаз ұлттық идеологияның айқын көрінісі.
– Біз төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударып отырмыз. Жұртымыздың жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихын және Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатырмыз. Биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілді. Бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да енді. Жаркент мешіті мен Вознесенск шіркеуі секілді екі бірегей ескерткіштің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізбесіне алдын ала енгізілуі тағы бір маңызды қадам болды. Сәулет өнерінің осынау жауһарлары – Қазақстанның мәдени әралуандығын паш етеді, сондай-ақ елімізде ғұмыр кешіп жатқан барлық этностың тарихына және рухани мұрасына ұқыпты әрі құрметпен қарайтынымызды айғақтайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде адами капиталдың жаңа сапасы, өскелең ұрпақты тәрбиелеу туралы да айтып өтті.
– Өскелең ұрпаққа айрықша назар аудару керек. Бұл да – Халық Кеңесінің міндеті. Оқушылар мен студенттер сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылдану, жаңа білім игеру, кітап оқу секілді көкжиегін кеңейтетін жасампаз істерге ден қоюға тиіс. Ол үшін кітапхана, музей, мектеп, достық үйлері, саябақтар сияқты қолда бар инфрақұрылымды барынша жұмылдыру керек. Сонымен қатар басқа да қоғамдық нысандарды көбейткен жөн. Мұны тек үлкен қалаларда ғана қолға алмай, шағын шаһарлар мен аудан орталықтарына, ауылдарға баса назар аудару маңызды. Қоғамдық ортаның сапасы адамның тұрғылықты жеріне байланысты болмауға тиіс. Үкіметке әкімдіктермен және тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, осы мәселеге қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырамын. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекет пен жекеменшік серіктестігі тетігін нақты істе қолдану мәселесіне назар аударуы керек. Мәдениет пен креативті индустрия саласындағы жобаларды ұзақ уақыт бойы қаржыландыруға мүмкіндік беру үшін эндаумент қорлар туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Басқаша айтқанда, біз азаматтарымыздың қоғам өміріне жан-жақты атсалысуына барынша жағдай жасауға тиіспіз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында сөйлеген бағдарламалық сөзі – елдегі жүйелі саяси жаңғыру мен институционалдық қайта жүктеу кезеңінің байсалды қорытындысы әрі болашаққа бағытталған стратегиялық бағдары. Президент конституциялық мәртебеге ие болған Халық Кеңесінің құрылуын билік пен қоғам арасындағы ашық, жауапты әрі тең дәрежелі диалогтың жаңа сапалық деңгейі ретінде айшықтады. Жинақталған макроэкономикалық жетістіктер мен инфрақұрылымдық ілгерілеулер жүргізілген реформалардың халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғанын нақты көрсетті. Сонымен бірге, Ата Заңымыздың елдің негізгі идеологиялық темірқазығына айналғаны, ал мемлекеттік тілдің әкімшілік мәжбүрлеусіз ұлтты ұйыстырушы басты фактор ретінде орныққаны баса айтылды. Қазақстан халқы ассамблеясының жинақтаған бай тәжірибесін жаңа құрылым аясында сабақтастықпен дамыту – этносаралық келісім мен ішкі тұрақтылықты сақтаудың сенімді кепілі. «Таза Қазақстан» бастамасы, экологиялық мәдениет және инфрақұрылым сапасын арттыру мәселелері азаматтық жауапкершілік пен отаншылдық ұғымдарымен сабақтастырылды. Еңбек нарығын жаңғырту, жұмысшы мамандарды даярлау және «Joltap» сияқты нәтижелі жобаларды өңірлерге тарату арқылы әлеуметтік әл-ауқатты көтерудің нақты жолдары айқындалды. Сондай-ақ ЮНЕСКО тізіміне енген нысандар мен тарихи-мәдени мұраны ұлықтау – ұлттық сана мен тарихи жадты жаңғыртудың айқын айғағы. Өскелең ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына, адами капиталды дамытуға барлық аймақта бірдей жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Алдағы уақытта «Заң мен Тәртіп» қағидатын берік ұстанып, «Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» идеясы төңірегінде бірігу – Күшті, Озық және Әділетті Қазақстанды құрудың даңғыл жолы.

Наталья ДЕМЕНТЬЕВА,
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
Қоғамдық сұранысты нақты бастамаға айналдыру қажет
– Мен үшін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі атану – үлкен қоғамдық жауапкершілік. Конституциямызда Кеңестің мәртебесі жоғары деңгейде айқындалған. Сондықтан әрқайсымыз белгілі бір ортадан, өңірден немесе қоғамдық ұйымнан келгенімізбен, Кеңес құрамына енген сәттен бастап сол ортаның ғана емес, тұтас елдің мүддесін ойлауымыз керек деп есептеймін.
Парламентте қызмет еткен жылдарымда бір нәрсеге анық көз жеткіздім: кейде қоғам үшін маңызды мәселе мемлекеттік деңгейде шешім қабылданатын кезеңге жеткенше өзінің бастапқы мәнін жоғалтып алады. Сондықтан Халық Кеңесіндегі өз міндетімді қоғамдағы шынайы сұранысты дер кезінде байқап, оны жүйелеп, нақты бастамаға айналдыру деп түсінемін.
Халық Кеңесінің басты мәні – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеру. Жаңа институт қоғамдық пікірді мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне дейін жеткізетін тетік қалыптастырып отыр. Кеңес құрамында өңірлердің, азаматтық қоғамның, этномәдени бірлестіктердің өкілдері бір алаңда бас қосады.
Алайда мұндағы мақсат әр тараптың жеке мүддесін қорғау емес. Ең маңыздысы – әртүрлі пікірдің арасынан елге ортақ мәселелерді анықтап, ортақ шешімге келу. Сондықтан мен Халық Кеңесін билік пен қоғам арасындағы жай ғана көпір емес, қоғамдық сұранысты нақты мемлекеттік шешімдер мен бастамаларға айналдыратын институт деп қабылдаймын.
Кеңестің шынайы маңызы оның жұмысының нақты нәтижесімен өлшенеді.

Алина КАН,
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері:
Кеңеске мүше болу – үлкен мәртебе
– Мен үшін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі болу – үлкен мәртебе әрі Мемлекет басшысының маған білдірген сенімі. Себебі Кеңес құрамына енген әр адамды Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі іріктеп, таңдады. Мұны бірнеше жылдан бері ел игілігі үшін атқарып келе жатқан еңбегімнің бағалануы деп қабылдаймын.
Қазақстан Халық Кеңесі алғаш рет азаматтық сектор, этномәдени бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, өңір мәслихаттары секілді қоғамдық өкілдіктің әртүрлі арналарын бір жалпыұлттық диалог алаңына біріктіріп отыр.
Бұл ретте Кеңеске өкілдік етуді белгілі бір ұйымның, бірлестіктің немесе өңірдің мүддесін қорғаумен ғана шектеуге болмайды. Кеңес мүшесінің қоғамдық мандаты әлдеқайда кең. Ол – тұтас қоғам алдындағы жауапкершілік және ел мүддесіне негізделген шешімдерді әзірлеуге атсалысу.
Кеңестің теңгерімді құрамы қоғамдық күн тәртібіне жан-жақты қарауға мүмкіндік береді. Мұнда өңірлердің ерекшеліктері, түрлі әлеуметтік және кәсіптік топтардың, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің ұстанымдары ескеріледі. Әртүрлі пікірлерді салыстырып, ортақ мәселелерді айқындау және жалпыұлттық мүддеге сай шешімдер табу – Кеңестің маңызды міндеттерінің бірі.
Яғни, қоғамдық, өңірлік және этномәдени мәселелер енді бір-бірінен бөлек қаралмай, тұтас жалпыұлттық контексте талқыланатын болады.
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ