Қоғамымыз сіздерге зор үміт артып отыр – Президент Халық Кеңесінің мүшелеріне үндеу жасады

/
Қоғамымыз сіздерге зор үміт артып отыр – Президент Халық Кеңесінің мүшелеріне үндеу жасады
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің бірінші сессиясында барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, жаңа сайлау өткізуді жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мен сөз басында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын айттым.

Енді осы жұмысты тоқтатпай, тек алға қарай жүруіміз керек. Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет.

Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты.

Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды

Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді-мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды. Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді. Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін», – деді Президент.

Президент Халық Кеңесінің алғашқы құрамына кәсіби, отаншыл және қоғамда беделді азаматтар енгенін айтып, Кеңес мүшелеріне мемлекет мүддесі үшін табанды қызмет ететіндеріне сенім білдірді.

«Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы құрамына кәсіби, отаншыл, қоғамдағы беделі жоғары, мықты азаматтар енді.

Бүгін біз алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап алдық. Қоғамымыз сіздерге зор үміт артып отыр.

Өздеріңізге жүктелген тарихи миссияның мән-маңызын терең түсініп, мемлекет мүддесі үшін табанды қызмет етесіздер деп ойлаймын.

Баршаңызға табыс тілеймін!

Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!», – деді Қ. Тоқаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар