Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасында Конституцияны түсіндіру және дәріптеу жұмысын ұйымдастыруды Вице-Президент Ерлан Қаринге тапсырды. Оның айтуынша, бұл жұмысқа заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту қажет, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар.
Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін бірлігімізді бекемдеп, белсенді, табанды жұмыс жүргізуіміз керек.
Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды.
Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады.
Ал Президент Әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру.
Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды.
Енді алдымызда тұрған нақты міндеттерге тоқталып өтейін», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.