Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet конвертер цехының жұмысымен танысты

/
Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet конвертер цехының жұмысымен танысты
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Qarmet болат балқыту өндірісінің негізгі буыны саналатын конвертер цехы жөнінде баяндалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президентке домна пешінде балқытылған шойынның қалай құрышқа айналатыны, содан кейін үздіксіз құю қондырғысына және одан әрі илемдеуге жіберілетіні көрсетілді.

Qarmet компаниясы 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерде күрделі жөндеу жүргізіп, корпустарды толық ауыстырды және анағұрлым заманауи конструкциялар орнатты.

Жаңғырту жұмыстары шығарылатын өнім түрлерін көбейтіп, қорытылған болат көлемін ұлғайтуға, құрал-жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цехтағы бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру ісі жалғасып жатыр.

Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Мемлекет басшысына өндірістік көрсеткіштер өсімі және инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру барысы туралы есеп берді.

2026 жылдың қорытындысы бойынша 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіру жоспарланып отыр.

Компания жұмысы басталғаннан бері инвестиция көлемі 2,7 миллиардтан аса долларды құрады. Бұл қаражат өндіріс қуатын жаңғыртуға және жаңа өнеркәсіптік нысан салуға бағытталды.

Айта кетейік, Qarmet – еліміздегі толық өндірістік циклге ие ең ірі тау-кен-металлургиялық компаниясы. Орталық Азиядағы өзінің көмір, темір рудасы кеніштері және энергетикалық базасы бар, интеграцияланған тау-кен-металлургиялық кешен. Компанияда шамамен 35 мың еңбеккер, соның ішінде 14 мыңнан астам адам Теміртаудағы металлургия комбинатында жұмыс істейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары