Лас-Вегастағы Station Casinos компаниясы өзінің 50 жылдығына орай 10 мыңға жуық қызметкеріне жалпы құны 70 млн доллардан асатын компания акцияларын сыйлады. Сыйақы көлемі әр адамның компанияда қанша жыл жұмыс істегеніне қарай есептелген, деп хабарлайды turkystan.kz fortune.com-ға сілтеме жасап.
Толық және жартылай жұмыс істейтін қызметкерлерге Station Casinos-тың бас компаниясы Red Rock Resorts-тың А класындағы акциялары берілген. Әр еңбек еткен жыл үшін қызметкер 1 000 доллар көлеміндегі акция алған. Акция алуға 2026 жылғы 9 қыркүйекте компания штатында болған қызметкерлер қатысады.
Компанияда ондаған жыл еңбек еткен қызметкерлердің сыйақысы айтарлықтай жоғары болған. Мәселен, Station Casinos-та 1977 жылдан бері жұмыс істейтін Ида Джонсон 49 мың доллардың акциясын алды. Ал компанияның бұрынғы Bingo Palace казиносында 1970-жылдары жұмысын бастаған тағы алты қызметкердің әрқайсысына 45 мың доллардан астам акция берілген.
Station Casinos басшылығы акция тарату арқылы қызметкерлерді компанияның жай ғана жұмысшысы емес, оның үлесіне ие адамдарға айналдырғысы келгенін мәлімдеді. Компания төрағасының орынбасары Лоренцо Фертитта қызметкерлерге енді олардың әр ауысымы мен клиентке көрсеткен қызметі өздері де үлеске ие компанияның нәтижесіне әсер ететінін айтқан.
Station Casinos тарихы 1976 жылдан басталады. Қазір компания Лас-Вегас аумағында 14 ойын-сауық нысанын басқарады. 50 жылдық мерейтойға арналған акциялар қызметкерлерге 14 қыркүйектен бастап беріле бастаған.