ЖИ жасаған дәрі қартаюды тежеуі мүмкін

/
ЖИ жасаған дәрі қартаюды тежеуі мүмкін
сурет: istockphoto.com

Өкпені емдеу үшін жасалған препарат адам ағзасындағы қартаю үдерістеріне де ықпал етуі мүмкін. Дәрі қабылдаған науқастардың қан құрамын талдаған алты есептеу үлгісі де олардың болжамды биологиялық жасының төмендегенін көрсетті. Алайда ғалымдар мұны адамның шынымен жасарғанының дәлелі деп айтуға әлі ерте екенін ескертеді, деп хабарлайды turkystan.kz nature.com-ға сілтеме жасап.

Rentosertib препаратын Insilico Medicine компаниясы жасанды интеллектінің көмегімен әзірлеген. ЖИ алдымен идиопатиялық өкпе фиброзына әсер етуі мүмкін TNIK ақуызын анықтауға, кейін соған бағытталған дәрі молекуласын құрастыруға пайдаланылды.

Идиопатиялық өкпе фиброзы кезінде өкпе тіндері біртіндеп тыртықтанып, адамның тыныс алуы қиындайды. Ауру көбіне егде жаста кездеседі және уақыт өте келе асқына береді. Препараттың IIa кезеңіндегі сынағына 40 жастан асқан 71 науқас қатысқан. Олар 12 апта бойы дәрінің әртүрлі мөлшерін немесе плацебо қабылдады. Зерттеу Қытайдағы 21 медициналық орталықта жүргізілген.

Кейін ғалымдар сынаққа қатысқан 42 адамның қан үлгілерін қайта зерттеді. Олар қандағы мыңдаған ақуыздың мөлшеріне қарап, ағзаның биологиялық жасын болжайтын алты түрлі «протеомдық сағатты» қолданған.

Нәтижесінде алты есептеу үлгісі де rentosertib қабылдаған топтарда биологиялық жас көрсеткішінің төмендегенін анықтады. Ең айқын өзгеріс препаратты күніне екі рет 30 миллиграмнан қабылдаған адамдарда және емнің төртінші аптасында байқалған. Ал плацебо тобында мұндай өзгеріс болмаған немесе көрсеткіш аздап өскен.

Зерттеушілер препарат жасушалардың қартаюына, зат алмасуға, қабынуға және күйзеліске төзімділікке қатысатын ақуыздарға әсер етуі мүмкін деп болжайды. Нәтижелері Nature Biotechnology журналында жарияланды.

Әзірге rentosertib-ті қартаюға қарсы дәрі деп атауға болмайды. Зерттеуде адамдардың өмір жасының ұзарғаны, дене мүшелерінің жасарғаны немесе жасқа байланысты аурулардың азайғаны тексерілген жоқ. Ғалымдар тек қандағы ақуыздардың өзгерісін арнайы алгоритмдер арқылы бағалады. Сонымен бірге науқастардың биологиялық жас көрсеткіші өкпе жағдайының жақсаруына байланысты төмендеуі де мүмкін. Қолданылған есептеу үлгілері дәрінің ауруға қарсы әсері мен қартаю үдерісіне ықпалын бір-бірінен толық ажырата алмайды.

Зерттеу көлемі де шағын: биологиялық жасқа қатысты талдауға небәрі 42 адам кірген. Олардың барлығы өкпе фиброзымен ауырған және орташа жасы 67-ден асқан. Сондықтан дәл осындай нәтиже дені сау адамдарда немесе басқа жастағы топтарда байқала ма, белгісіз.

Алғашқы клиникалық сынаққа қатысқан 71 адамның 16-сы зерттеуді мерзімінен бұрын тоқтатқан. 12 науқас жанама әсерлерге байланысты дәрі қабылдаудан бас тартты. Негізгі қиындықтардың қатарында бауыр қызметінің бұзылуы мен іш өту болған. Сондықтан «препарат барлық адамға жақсы әсер етті» деуге негіз жоқ. Соған қарамастан ең жоғары мөлшерді қабылдаған топта өкпенің ауа сыйымдылығының орташа көрсеткіші жақсарған. Бұған дейінгі осы сынақтың нәтижелері Nature Medicine журналында жарияланған еді.

Ғалымдар rentosertib-тің қартаю үдерісіне ықпалын анықтау үшін ауқымды әрі ұзақ мерзімді зерттеу қажет екенін айтады. Препаратты өкпе фиброзы жоқ адамдарда да сынамайынша, оның ағзаны жасартатыны немесе өмірді ұзартатыны туралы қорытынды жасауға болмайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары