Астанада 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған: құжаттардың күші жойылды

/
Астанада 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған: құжаттардың күші жойылды
istockphoto

Елордада жүргізуші куәліктерін заңсыз беру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл туралы turkystan.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап хабарлады.

Астана прокуратурасы сайтының мәліметінше, ҰҚК департаменті жүргізуші куәліктерін заңсыз берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

"Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мен делдалдар кірген.

Тергеу барысында сыбайластардың өзара рөлдерді бөліскені анықталды: делдалдар орталық ғимараттың жанында тұрып, теориялық емтихан тапсырушыларға сұрақтардың дұрыс жауаптарын айтып отырған, ал орталық қызметкерлері практикалық емтиханның тапсырылғаны туралы көрінеу жалған мәліметтерді ақпараттық базаға енгізген.

2025 жыл аталған алаяқтық схема арқылы 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған", - делінген прокуратура хабарламасында.

Күдіктілердің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 262-бабы (Ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) және 206-бабы (Ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру) бойынша сараланған.

6 адамға қатысты күзетпен ұстау, 3 адамға ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат, 1 адамға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтаратпау шаралары қолданылған.

Заңсыз алынған 74 жүргізуші куәлігінің күші жойылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары