Қарағанды облысының Приозерск қаласында тұрғын үйдің маңынан жылан табылды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары шақырылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомство мәліметінше, 112 пультіне тұрғын үй аумағында жылан жүргені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жағдайды бағалап, арнайы құралдың көмегімен бауырымен жорғалаушыны ұстап алған.
Кейін жылан адамдар көп жүретін жерден және тұрғын үйлерден алыс аумаққа жеткізіліп, табиғи мекендеу ортасына жіберілген.
ТЖМ мамандары тұрғындарға жылан кездескен жағдайда сақ болуды ескертті. Оны өз бетіңізше ұстауға немесе қуып жіберуге тырыспау қажет.
Сондай-ақ қауіпсіз арақашықтық сақтап, балалар мен үй жануарларын жыланға жақындатпау ұсынылады.
Егер бауырымен жорғалаушы қауіп төндірсе, 112 нөміріне дереу хабарласу керек.