"Pinduoduo-дан алдырған": Атыраулық екі оқушы бір алқап лотос өсіріп шығарған

/
"Pinduoduo-дан алдырған": Атыраулық екі оқушы бір алқап лотос өсіріп шығарған
ozgeris.info

Атырауда Қызыл кітапқа енген лотостың жаңа өсетін аумағы пайда болды. Сирек кездесетін гүлді жергілікті екі оқушы қыз өсіріп шығарған, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерваты мамандарының мәліметінше, 11 жастағы Шаттық Хами мен 12 жастағы Айым Жанкелді 2024 жылы үйлеріне жақын орналасқан су айдынына лотос тұқымдарын сепкен.

Тұқымды Айымның анасы Қытайдан, Pinduoduo маркетплейсі арқылы тапсырыс берген. Қыздар бастапқыда лотосты үй жағдайында өсірмек болған, алайда тәжірибе сәтсіз аяқталған. Кейін қалған тұқымды табиғи су айдынына отырғызуға шешім қабылдаған.

2025 жылы өсімдіктің алғашқы жапырақтары көрінсе, биыл жазда лотостар алғаш рет гүлдеген. Оқушылар өздерінің қарапайым тәжірибесі сирек өсімдіктің жаңа алқабын қалыптастырады деп күтпеген.

Жаңа лотос алқабы Перетаска өзекшесінде орналасқан. Бұған дейін Атырау облысында лотос негізінен Құрманғазы ауданында өсетін.

Айта кетейік, биыл өңірде лотос өсіруге бағытталған тағы бір тәжірибелік жоба басталған. Қытайлық мамандардың қатысуымен Тұхлая Балка аумағындағы 500 шаршы метр жерге 270 түп лотос отырғызылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар