«Марқұм құдамыздың асында көрдім»: Баян Алагөзова экс-күйеуі Бақытбек Есентай туралы

/
«Марқұм құдамыздың асында көрдім»: Баян Алагөзова экс-күйеуі Бақытбек Есентай туралы
Скриншот

Продюсер әрі актриса Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхббатында экс-күйеуі Бақытбек Есентаев туралы айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол бұрынғы күйеуін соңғы рет марқұм құдасының асында көргенін мәлім етті.

«Соңғы рет оны марқұм құдамыздың жылдық асында көрдім. Тек сырттай ғана көргенмін, бетпе-бет кездескен жоқпын. Құдамыздың қайтыс болғанына бір жылдан асты. Биыл маусым айында асы берілді, сол жерде болғанын нақты білемін», – деді ол.

Сондай-ақ продюсер өткенге өкпе-реніші жоқ екенін және бұрынғы күйеуін көргенде қазір ешқандай сезім туындамайтынын жеткізді.

«Мен бәрін әлдеқашан жібердім, ешкімге өкпе-ренішім жоқ. Ой елегінен өткізіп, өткенді қайта-қайта қопармаймын. Мен кешіре де, өткенді жібере де аламын. Өйткені өткен шақ – қазір мираж секілді. Бұл да менің философиямның бір бөлігі. Болған нәрсені, енді қайтару мүмкін емес дүниені қайта-қайта қозғаудың қажеті не?!

Алғашқы бес жылда ашуланғаным рас. Өйткені қайта-қайта ота жасаттым. Ауырсындым. Үнемі ота жасатамын, қалпыма келемін. Әр отадан кейін есімді жиғанда, қатты ашуланатынмын. Себебі физикалық тұрғыдан қатты ауырды. Өте ауыр болды.

Сол кезде ғана, бәлкім, осының бәрін бастан өткеруге, осынша қиындықты көтеруге тура келгеніне ашуланған шығармын. Ал кейін бәрін қайта өзгертуге мән жоқ екенін түсіндім. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым, мүмкін болғанша бәрін қалпына келтірдім. Содан кейін уақыт өте келе, мұның бәрі де артта қалғанын түсіндім. Бәрі өткен шақта қалды. Сондықтан қазір ешқандай сезім жоқ, мүлде ештеңе сезінбеймін», – деді Баян Мақсатқызы.

Еске сала кетейік, Баян Мақсатқызы мен Бақытбек Есентаев шамамен 20 жыл некеде болып, екі қыз тәрбиелеген. 2016 жылғы 10 маусымда Бақытбек Есентаев әйеліне ауыр дене жарақатын салған. Ол Баянды ұрып, бірнеше рет пышақтаған. Осы оқиғадан кейін Бақытбек Есентаев адам өлтіруге оқталды деген айыппен сотталып, 2016 жылдың қарашасында 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Баян Алагөзова сот барысында бұрынғы күйеуін кешіргенін айтып, оның жазасын жеңілдетуді сұраған. Кейін ерлі-зайыпты ажырасып кетті. Бақытбек Есентаев 2022 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары