Түркия қазағы, әнші, ақын және композитор Бешір Ахмет Көсе өмірден озды. Қаралы хабарды журналист Ержан Төлек әлеуметтік желіде жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның сөзінше, Бешір Ахмет Көсе Түркиядағы қазақ қауымының жарқын өкілдерінің бірі болған. Ол қазақ мәдениетін түркі әлеміне танытуға елеулі үлес қосып, Ыстанбұлға барған қазақстандық өнер адамдары мен сол елде білім алған жастарға әрдайым қолдау көрсеткен.
Журналист марқұмның адамгершілік қасиеті мен өнерге деген адалдығын ерекше атап өтті.
"Бешір ағамыз Түркиядағы қазақтардың жарқын өкілінің бірі еді. Жүрегі кең, баладай аңқылдаған таза адам болатын. Түркі әлеміне Қазақ мәдениетінің дәріптелуіне теңдессіз үлес қосты", – деп жазды Ержан Төлек.
Сондай-ақ ол Бешір Ахмет Көсенің үйінде қонақ болып, оның әндері мен әңгімелерін талай рет тыңдағанын еске алды.
"Өмірін өнерге айналдырған Бешір аға да бұ дүниені тәрк етіпті. Сіз салған әндер мен жарқын бейнеңіз мәңгі жүрегімізде. Түркиядағы қазақ жұртына, ағаның әулетіне қайғыра көңіл айтамын", – делінген жазбада.
Бешір Ахмет Көсе 1955 жылы Түркияның Салихли қаласында дүниеге келген. Оның "Алтай тауым", "Көктем", "Жалғыз көңілім" секілді әндері көпшілікке белгілі.