Өлім жазасына кесіліп, 70 жылдан астам түрмеде отырған тұтқын 101 жасында қайтыс болды

/
Өлім жазасына кесіліп, 70 жылдан астам түрмеде отырған тұтқын 101 жасында қайтыс болды
Diy13/Getty Images

АҚШ-та елдегі ең қарт тұтқын саналған Фрэнсис Клиффорд Смит 101 жасында өмірден өтті. Ол 70 жылдан астам уақытын темір тордың ар жағында өткізген және өмірінің соңына дейін өзіне тағылған адам өлтіру айыбын мойындамаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Greenwich Time басылымының мәліметінше, Смит 2026 жылғы 25 маусымда Коннектикут штатындағы қарттар үйінде қайтыс болған. Ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғанымен, биліктің бақылауында болған. Оның қайтыс болғанын штаттың Қылмыстық-атқару департаменті растады.

Фрэнсис Смит 1950 жылы түнгі күзетші Гровер Хартты өлтірді деп айыпталған. Күзетші бір жыл бұрын Гринвичтегі Indian Harbor яхта-клубын тонау кезінде атып өлтірілген еді. Алайда Смит өмірінің соңына дейін бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін айтып келген.

Бастапқыда сот оны өлім жазасына кескен. Үкімді орындау күні сегіз рет белгіленгенімен, әр жолы кейінге шегерілген. Ақырында, 1954 жылы өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Кейін Смиттің кінәсіне қатысты күмәнді жайттар да пайда болған. Іс негізінен жанама дәлелдерге сүйенген. Бұған қоса, кейінірек басқа бір ер адам шабуылға өзінің қатысқанын мәлімдеген.

Тергеушілердің бірі де Смиттің қылмыс болған жерде болғанына толық сенімді емес екенін мойындаған. Соған қарамастан, тұтқын істі қайта қаратуға қол жеткізе алмады.

Смит түрмеде отырған ондаған жыл ішінде бірнеше рет бостандыққа шыққан. 1967 жылы ол түрмеден қашып кеткенімен, 12 күннен кейін қайта ұсталды. Кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, алайда оның талаптарын бұзғаннан кейін қайтадан түрмеге қамалған.

Өмірінің соңғы жылдарын Фрэнсис Клиффорд Смит қарттар үйінде өткізді. Соған қарамастан, ол өмірінің соңына дейін мемлекеттік органдардың бақылауында болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар