Жапонияда 2026 жылғы Азия ойындары ресми түрде аяқталды

/
Жапонияда 2026 жылғы Азия ойындары ресми түрде аяқталды
ҰОК

Жапонияның Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті.

Салтанатты шара 19 қыркүйекте Ойындардың ашылу рәсімі өткен Paloma Mizuho Stadium стадионында ұйымдастырылды. Жабылу салтанатында жүрек соғысы мен адамзаттың ортақ ырғақты бірлігін бейнелейтін HEART BEAT Aichi-Nagoya тұжырымдамасы көрініс тапты. Бұл идея Азия елдерін бір арнаға тоғыстыруды көздейтін IMAGINE ONE ASIA ұранымен үндеседі. Екі салтанатты шараның да бас режиссері жапониялық Юкихико Цуцуми болды.

Негізгі рәсім басталмай тұрып-ақ көрерменге арналған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Арнайы сахнада INI тобының мүшесі Масая Кимура, MYERA тобы, тележүргізуші әрі әзілкеш Каёко Окубо, Жапонияның спорт ғылымдары университетінің өкілдері, сондай-ақ Tokugawa Ieyasu and Hattori Hanzo Ninja Squad өнер көрсетті. Бағдарламаны YO!YO!YOSUKE пен Михо Хориэ жүргізді.

Жабылу салтанатының негізгі бөлігі мәдениет пен спортты ұштастырды. Стадион төрінде бишілер мен өнерпаздар өнер көрсетіп, Азия елдерінің бірлігі мен сан алуан мәдениетін паш етті. Салтанатты шарада 16 күнге созылған жарыстың аяқталғаны да айрықша көрініс тапты. Осы уақыт ішінде Азияның барлық Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері бір алаңда бас қосып, өзара бақ сынады.

Салтанатты шара аясында спортшылардың дәстүрлі шеруі өтті. Азия ойындарының жабылу рәсімінде Қазақстанның туын 16 жастағы гимнаст Ақмарал Ерекешева алып шықты. Ол құрлықтық додаға алғаш рет қатысып, жекелей көпсайыстың финалына бірінші орынмен жолдама алған еді. Алайда финалдық бәсекеде төртінші орынға тұрақтады.

Құрметті қонақтар қатарында Жапонияның тақ мұрагері ханзада Акисино мен ханшайым Кико, Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Джоан бин Хамад Әл Тани және Қатар Премьер-министрі шейх Мұхаммед бин Абдулрахман Әл Тани болды.

Жабылу салтанатында Азия Олимпиадалық кеңесі 2026 жылғы құрлықтық додада үздік шыққан спортшыларды да жариялады. Ең үздік спортшы атағы Қытайдың 13 жастағы жүзгіші Юй Цзыдиге бұйырды. Ол әйелдер арасында 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде және 200, 400 метрге кешенді жүзуде топ жарып, үш алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Азия ойындарының үш рекордын және Азия рекордын жаңартты. Осылайша, Юй Цзыди жарыс тарихындағы ең жас үздік спортшы атанды.

Ерлер арасында бұл марапат Таиланд өкілі Пурипол Бунсонға берілді. 20 жастағы жеңіл атлет 100 және 200 метрге жүгіруде қарсылас шақ келтірмеді. Ол жарыс барысында Азия ойындарының рекордын төрт рет жаңартты. Ал 200 метрге жүгірудің финалында 19,88 секунд нәтижесін тіркеп, Азия рекордын қайталады.

Спортшылар шеруі мен шығармашылық бағдарлама аяқталған соң салтанатты жиынның ресми бөлімі өтті. Ұйымдастыру комитетінің өкілдері Жапонияда 16 күн бойы өткен жарыстың қорытындысын шығарды.

Кештің маңызды сәттерінің бірі - Азия ойындарының эстафетасын келесі қабылдаушы елге тапсыру рәсімі болды. Бұл жолы Азия Олимпиадалық кеңесінің туы Қатар өкілдеріне табысталып, 2030 жылы құрлықтық дода өтетін Доха қаласына Ойындардың алауы берілді.

Осылайша, келесі Азия ойындарына дайындықтың жаңа төртжылдық кезеңі басталды. Доха құрлықтық доданы екінші рет қабылдамақ. Қатар астанасында Азия ойындары алғаш рет 2006 жылы өткен болатын. Арада 24 жыл өткен соң құрлықтағы ең ірі көпсайысты жарыс қайтадан Қатарда ұйымдастыралады.

Салтанат соңында Paloma Mizuho Stadium стадионында XX жазғы Азия ойындарының алауы сөндірілді.

Айта кетейік, XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтті. Жарыс бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізіліп, барлығы 469 медаль жиынтығы сарапқа салынды.

Қазақстан құрамасы құрлықтық доданы 84 медальмен аяқтады. Отандастарымыз 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте ұлттық құрама сегізінші орынға тұрақтады. Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда Қазақстан үш сатыға жоғары көтеріліп, жүлделер санын төртке арттырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары