8 жастағы гимнасшы қыз Қытайдағы турнирде үш медаль жеңіп алды

/
8 жастағы гимнасшы қыз Қытайдағы турнирде үш медаль жеңіп алды
Астана әкімдігі

Астаналық жас спортшы Медина Есенбек көркем гимнастикадан Қытайда өткен халықаралық Zhong Ling Cup турнирінде бірден үш жүлдеге ие болды. Жарыс Гуандун провинциясының Хуэйчжоу қаласында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елорданың ресми мәліметінше, турнирге Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Филиппин, Малайзия және басқа да елдердің гимнастшылары қатысты. Қазақстан намысын жарыста 9 спортшы қорғады. Олардың төртеуі – астаналық гимнаст.

«Әлем Академиясының» тәрбиеленушісі, 8 жастағы Медина Есенбек жарыста үш медаль жеңіп алды. Ол шығыршықпен жаттығуда алтын, ал құралсыз жаттығу мен көпсайыста екі күміс медаль иеленді.

Мединаның өнер көрсетуі ұлттық мәдениетіміздің әсем көрінісіне де айналды. Жас гимнаст кілемге қазақы ою-өрнекпен көмкерілген костюм киіп шығып, композициясын қазақ музыкасының сүйемелдеуімен орындады.

Медина үшін бұл турнир тек спорттық жетістікпен шектелмей, Қазақстанды халықаралық аренада лайықты танытуға берілген үлкен мүмкіндік болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары