Ең биік шың – еңбектің шыңы

/
Ең биік шың – еңбектің шыңы

Құрылысшылар күні қарсаңында ұзақ жыл еңбек еткен сала мамандарының еңбегі еленді. Олардың қатарында BI Group компаниясының қызметкерлері де бар. Зағапар Дощанов – солардың бірі. Жылдар бойы адал еңбек етіп, сол жолда түрлі жетістікке жеткен ол «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Оның еңбек жолы мен тұлғасы – білімі, еңбегі мен жауапкершілігі арқылы еліміздің құрылыс саласын иығымен көтеріп келе жатқан тұтас бір буынның жиынтық бейнесі секілді.

Жалпы, «Еңбек ардагері» медалі түрлі салада ұзақ жыл табанды еңбек етіп, кәсібіне адалдық танытқан азаматтарға беріледі. Бұл марапат еңбектің қадірін, ұрпақ сабақтастығын айқындайды және еңбек адамына деген құрметті білдіреді.

Еңбекпен шыңдалған жылдар

Зағапар Дощанов Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген. В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында білім алып, «Түсті металдар металлургиясы» мамандығын меңгерді. Кейін еңбек жолы оны құрылыс саласына алып келді. Осы бағытта білімін жетілдіру үшін Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде құрылыс мамандығын оқиды.

Зағапар Дощанов-тың BI Group-та еңбек етіп жүргеніне 18 жылдан асты. Осы уақытта ол құрылыс алаңындағы инженерлік-техникалық жұмыстан бастап, ірі инфрақұрылымдық жобаларға дейін талай істің басы-қасында жүрді. Қазір K2 субхолдингінде LEAN дамыту тобына жетекшілік етеді.

Білікті маманның еңбегі ешқашан елеусіз қөалған емес. Жол саласын дамытуға және Астананың құрылысына қосқан үлесі үшін ол «Құрметті құрылысшы» төсбелгілерімен де марапатталған.

Құрылыс тоқтамайды

Компания тарихы мен өзінің еңбек жолына көз жүгірткен Зағапар Дощанов BI Group түрлі кезеңнен өткенін айтады. Бұл аралықта талай кезең ауысты. Экономикалық дағдарыс та болды, жобалар тоқтап қалған кездер де есте, пандемия да құрылыс саласына оңай тиген жоқ.

«Өте қиын кездер бастан өтті. Бір жарым жылға дейін тоқтап қалған жобалар да болды. Бірақ соның бәрінен өттік», – деп еске алады Зағыпар Дощанов.

Әсіресе пандемия кезі оның есінде ерекше қалыпты. Бүкіл ел жанын шүберекке түйген қиын уақытта да құрылысшылар ауруханалар салуға кірісіп, құрылыс алаңынан табылыпты.

«Ауруханаларды да бәріміз бірге салдық. Қалай болғанда да, құрылыс тоқтаған жоқ. Біз клиенттерімізге берген уәдемізді қай кезде де орындадық», – дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай сәттерде компанияны алға сүйрейтін нәрсе тек технология немесе жұмыс тәртібі емес. Ең маңыздысы – адамдардың бір-біріне деген сенімі мен жауапкершілігі.

Сала өзгеріп жатыр. Құрылысқа цифрлық шешімдер келді, жаңа технологиялар енгізілуде, жас мамандардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Бірақ Зағапар Дощанов компанияны компания ететін басты құндылықтар уақытпен бірге жоғалмауы керек деп санайды.

«Кейде оңай емес. Бірақ BI-дың өзегі, BI-дың «ДНҚ-сы» сақталуы керек», – дейді Зағыпар Дощанов.

Алтын арқау

Қазір ол LEAN тәсілдерін дамытуға атсалысып қана қоймай, жинаған тәжірибесін әріптестерімен бөліседі. Ұзақ жыл бойғы еңбек жолын тәлімгерлікпен жалғауды ол кәсіби міндетінің заңды жалғасы деп біледі. Кезінде осындай тәжірибені аға буыннан алған Зағапар Дощанов енді оны ізінен ерген жас мамандарға жеткізуді парызы санайды.

Құрылысшылар күніне орай табысталған «Еңбек ардагері» медалі – оның осы жылдар ішінде атқарған еңбегіне берілген баға. BI Group-тағы 18 жылда құрылыс технологиясы өзгерді, жобалар іріленді, жаңа мамандар келді. Бірақ Зағапар Дощанов үшін кәсіптің ең басты қағидасы өзгерген жоқ. Ол – өз жұмысыңа, командаңа жауапкершілікпен қарау және жинаған тәжірибеңді кейінгі буынға жеткізу.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар