Тез байығысы келген қазақстандық әйел 10 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды

/
Тез байығысы келген қазақстандық әйел 10 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды
pixabay.com

Ақмола облысының Сандықтау ауданында тұратын әйел интернет арқылы қомақты табыс табуға уәде берген алаяқтардың арбауына түсіп, 10,2 млн теңгеден астам қаражатынан айырылды, деп turkystan.kz тілшісі Zakon.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, бәрі әйелдің FIBO Markets LTD деп көрсетілген жалған инвестициялық платформаға тіркелуінен басталған. Онымен байланысқа шыққан «қаржылық кеңесшілер» салған қаражатын еселеп көбейтуге болатынына сендірген.

Жәбірленуші олардың нұсқауларын орындап, инвестиция көлемін біртіндеп арттыра берген.

«Осы жылдың мамырынан шілдесіне дейін ол екі несие рәсімдеп, таныстарынан қарыз алған және барлық жеке жинағын салған. Жалпы алғанда, жәбірленуші алаяқтарға 10,2 млн теңгеден астам ақша аударған», – деп хабарлады полиция.

Әйел соңғы қаражатын аударғаннан кейін де біраз уақыт өзін инвестиция жасап жүрмін деп ойлаған. Тек бір ай өткен соң алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.

Құқық қорғау органдары мұндай қылмыстық схемаларда алаяқтар шынайы инвестициялық компаниялардың сайттарына ұқсас платформалар жасайтынын ескертті. Сенімге кіру үшін жалған құжаттар көрсетіп, жеке кабинетте инвестициядан түсіп жатқандай жалған табысты көрсетуі мүмкін. Осылайша жәбірленушіні тағы да ақша салуға итермелейді.

«Ақшаңызды инвестицияламас бұрын компанияның қызметін, ресми тіркелгенін және лицензиясының бар-жоғын мұқият тексеру қажет. Бейтаныс адамдардың кеңесімен инвестиция салу үшін несие рәсімдеуге немесе қарыз алуға болмайды. Есте сақтаңыз: тәуекелсіз жоғары әрі кепілдендірілген табыс туралы уәде – алаяқтықтың кең тараған белгілерінің бірі», – деп ескертті полиция.

Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар