Мысығы көп елдің адамдары бақыттырақ болады – зерттеу

/
Мысығы көп елдің адамдары бақыттырақ болады – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Елдегі мысық саны мен тұрғындардың бақыт деңгейі арасында айтарлықтай байланыс бар. 93 мемлекетті қамтыған жаңа зерттеу жан басына шаққандағы мысық саны жоғары елдерде халықтың бақыт көрсеткіші де жоғары болатынын көрсеттідеп хабарлайды turkystan.kz journals.plos.org-ке сілтеме жасап.

Ғалымдар зерттеу барысында елдердегі бақыт индексін, әр 10 мың тұрғынға шаққандағы мысық санын, халықтың табыс деңгейін, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді, денсаулық сақтау шығындарын және Toxoplasma gondii паразитінің таралуын салыстырған.

Нәтижесінде мысық саны мен ұлттық бақыт көрсеткіші арасындағы корреляция 0,62 болған. Бұл – салыстырмалы түрде жоғары байланыс. Ал табыс деңгейі мен бақыт арасындағы көрсеткіш 0,78, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша 0,80 болған.

Яғни зерттеу нәтижесіне қарағанда, мысық саны бақыт деңгейімен айтарлықтай байланысты факторлардың бірі болып шыққан. Дегенмен ғалымдар мұны «мысық көп болса, адам міндетті түрде бақытты болады» деп түсіндіруге болмайтынын ескертеді.

Зерттеушілер мұндай байланыстың бірнеше себебі болуы мүмкін дейді. Бұған дейінгі еңбектер үй жануарларының жалғыздық сезімін азайтуға, эмоционалдық байланыс орнатуға, күйзелісті төмендетуге және көңіл күйді жақсартуға ықпал етуі мүмкін екенін көрсеткен.

Сонымен қатар мысық көп елдердің көбінде тұрмыс деңгейі де жоғары. Зерттеуде мысық саны халықтың табысымен және ЖІӨ көлемімен де тығыз байланысты болған. Сондықтан жоғары табыс, жақсы тұрмыс жағдайы және үй жануарын асырауға мүмкіндік болуы бақыт көрсеткішіне қатар әсер етуі ықтимал.

Ғалымдар Toxoplasma gondii паразитін де зерттеген. Нәтижесінде паразиттің жуырдағы жұқтыруын көрсететін IgM деңгейі жоғары елдерде бақыт көрсеткіші төменірек болған.

Бір қызығы, мысық саны көп елдерде токсоплазмоз міндетті түрде жиі кездеспеген. Авторлар мұны дамыған мемлекеттерде үй мысықтарының көбіне үй ішінде ұсталуы, дайын жеммен қоректенуі және ветеринарлық бақылауда болуымен байланыстырады.

Зерттеу авторлары алынған нәтижелер себеп-салдар байланысын дәлелдемейтінін атап өтеді. Яғни мысықтардың өзі халықты бақытты етеді деуге негіз жоқ. Дегенмен жұмыс ұлттық әл-ауқатқа тек экономика емес, өмір салты мен адамдардың үй жануарларымен қарым-қатынасы да байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар