"Нотаны дәл ойнау жеткіліксіз": үлкен оркестрде музыканттарды не біріктіреді?

/
"Нотаны дәл ойнау жеткіліксіз": үлкен оркестрде музыканттарды не біріктіреді?
сурет: istockphoto.com

Ансамбльде техникалық тұрғыдан қатесіз ойнау музыканттардың өзара үйлесім табуына жеткіліксіз. Орындаушылардың біртұтас күйге енуі үшін сенім, ортақ музыкалық түсінік, бір-бірін тыңдау және жағдайға қарай бейімделу қабілеті қажет. Бұл туралы Psychology of Music журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Музыканттар мұндай сәтті тыныстың, қимылдың және эмоцияның үйлесуімен сипаттаған. Осы кезде әр орындаушы жеке партиясын орындап отырғанымен, ансамбль бір адам секілді әрекет ете бастайды.

Осло университетінің зерттеушілері Сара Д’Амарио мен Лаура Бишоп Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде білім алып жүрген 22 студентпен сұхбаттасқан. Олардың оны пианист, он екісі әнші болған. Қатысушылардың орташа жасы 24,7 жасты құрады, ал кәсіби музыкалық дайындық өтілі орта есеппен 13 жылдан асқан.

Телефон арқылы жүргізілген сұхбат шамамен 15 минутқа созылған. Музыканттардан ансамбльде өзара байланысты қалай сезінетіні, оған репертуар мен серіктестің қалай әсер ететіні және үйлесімге жету үшін қандай тәсілдерді қолданатыны сұралған. Жауаптарды талдау кезінде зерттеушілер төрт негізгі бағытты анықтады: біртұтастық сезімі, орындаушылар арасындағы қарым-қатынас, орындау жағдайы және ансамбльде жұмыс істеу дағдылары.

Музыканттар ансамбльдегі үйлесімді шартты түрде «тік» және «көлденең» байланыс деп сипаттаған. «Тік» байланыста орындаушылар ырғақты, екпінді және ноталарды техникалық тұрғыдан дәл сәйкестендіреді. Бірақ ортақ идея, эмоциялық қатысу мен өзара жауап беру болмаса, мұндай орындау механикалық естілуі мүмкін. Ал «көлденең» байланыста музыканттар бір-бірінің әрекетін сезіп, серіктесінің шешіміне икемделеді. Олар шығарманы ортақ түсінікпен орындап, өзін бір бүтіннің бөлігі ретінде сезінеді. Қатысушылар мұндай сәттерді жеңілдік, қуаныш, еркіндік және музыкаға толық берілу күйімен байланыстырған.

Зерттеуге қатысқандардың айтуынша, біртұтастық сезімі көбіне тыныстың қатар жүруінен, дене қимылдарының үйлесуінен және көзбен байланысудан байқалады. Дегенмен ол бүкіл концерт бойы бір деңгейде сақталмайды: кейде пайда болып, кейін әлсіреуі мүмкін. Орындаушылар арасындағы сенім ортақ үйлесімнің негізгі шарты ретінде аталған. Музыкант серіктесінің қажет кезде бейімделетініне сенсе, өз партиясын еркінірек орындап, эмоциясын ашық жеткізе алады. Шығармаға қатысты ұқсас түсінік те маңызды. Орындаушылар ырғақ, дыбыс күші, тембр, артикуляция мен интонацияны ғана емес, туындының жалпы көңіл күйі мен мағынасын да үйлестіруі керек.

Ал ансамбльде көшбасшының болуы міндетті түрде кедергі келтірмейді. Кейбір қатысушы тең дәрежедегі серіктестікті қаласа, енді бірі жетекші мен ілесуші рөлдерінің бөлінгенін қолайлы санаған. Бастысы, екі тарап та ортақ мақсатқа үлес қосып, бір-бірінің әрекетіне жауап бере алуы керек.

Дайындық жұмыстары музыканттардың бір-бірін жақсырақ түсінуіне көмектескен. Кейбір орындаушылар серіктесінің партиясын үйрену, оның сабағына қатысу немесе дайындық жазбаларын бірге тыңдау пайдалы екенін айтқан. Музыканттар жас ансамбльдерге партитураға ғана қадалып қалмай, серіктесін белсенді тыңдауға және көзбен байланыс орнатуға кеңес берген. Өз партиясына шектен тыс назар аудару ортақ музыкалық ағымды сезінуге кедергі келтіреді.

Зерттеушілер дәстүрлі музыкалық білім беруде бұл дағдыға жеткілікті көңіл бөлінбеуі мүмкін екенін атап өтті. Мысалы, әнші студент оқытушының фортепианода сүйемелдеуін көбіне тең серіктестік емес, сабақтың бір бөлігі ретінде қабылдайды. Соның салдарынан өзара тыңдау мен бірлескен шешім қабылдау дағдысы толық қалыптаспайды.

Біртұтастық сезімін орындаушылардың дайындығы ғана емес, қоршаған орта да бұза алады. Қатысушылар бөлмедегі қолайсыз температураны, шуды, физикалық қашықтықты және басқа адамдардың алаңдатуын атаған.

Музыканттың шаршауы, көңіл күйінің болмауы, жеке өміріндегі күйзеліс немесе дайындықтың жеткіліксіздігі де ансамбльдегі байланысты әлсіреткен. Ал көрерменнің қатысуы, керісінше, кей жағдайда орындаушыларға қосымша қуат беріп, олардың музыкаға тереңірек енуіне көмектескен.

Зерттеу шағын топқа және тек кәсіби деңгейде білім алып жүрген классикалық музыка орындаушыларына негізделген. Сондықтан нәтижелерді әуесқой музыканттарға немесе басқа жанр өкілдеріне тікелей қолдануға болмайды. Сұхбаттар қатысушылардың ана тілі емес, ағылшын тілінде жүргізілгендіктен, олардың эмоциялық тәжірибесін сипаттауы да белгілі бір деңгейде шектелуі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар