Киберқауіпсіздігі ең мықты елдер анықталды

/
Киберқауіпсіздігі ең мықты елдер анықталды
сурет: istockphoto.com

Албания киберқауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдік рейтингте бірінші орынға шықты. Қазақстан 155 ел мен аумақтың арасында 37-орында тұр, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Эстонияның e-Governance Academy қоры әзірлейтін Ұлттық киберқауіпсіздік индексінің мәліметінше, Албания мүмкін болған 100 ұпайдың 98,33-ін жинаған. Одан кейін Канада мен Эстония тұр. Екі ел де 96,67 ұпай иеленді. Финляндия 95,83 ұпаймен төртінші, Литва 95 ұпаймен бесінші орынға шықты. Рейтингтің қазіргі нұсқасында Молдова алтыншы, Бельгия жетінші орында тұр.

Технологиялық және экономикалық мүмкіндігі жоғары кейбір мемлекеттер алғашқы ондыққа енбеген. Мәселен, Германия 26-орында, АҚШ 31-орында, ал Ұлыбритания 42-орында.

Албанияның көш бастауына 2022 жылғы ауқымды кибершабуылдан кейін қолға алынған реформалар ықпал етті. Сол кезде мемлекеттік цифрлық инфрақұрылым мен халыққа көрсетілетін электрондық қызметтерге зақым келген. Албания билігі шабуылға Иранды жауапты деп танып, Тегеранмен дипломатиялық қатынасын үзген болатын. Еуропалық одақ шабуылдың елдің маңызды инфрақұрылымы мен мемлекеттік қызметтеріне әсер еткенін мәлімдеді.

Осы оқиғадан кейін Албания киберқауіпсіздік саласындағы заңнамасын жаңартып, мемлекеттік органдардың жұмысын орталықтандырды. Киберқауіпсіздікке жауапты ұлттық органның өкілеттігі кеңейтіліп, халықаралық серіктестермен байланыс күшейтілді. Нәтижесінде ел стратегиялық саясат, халықаралық ынтымақтастық, білім беру, деректерді қорғау және кибероқиғаларға жауап беру бағыттары бойынша ең жоғары ұпай жинаған. Албанияға толық 100 ұпай алуға жарияланған әскери кибердоктринаның болмауы кедергі келтірді.

Қазақстан 81,67 ұпаймен 37-орында тұр. Еліміз бұл көрсеткіш бойынша Ұлыбританиядан жоғары, бірақ АҚШ пен Германиядан төмен тұр. Қазақстан халықаралық киберқауіпсіздікке үлес қосу, мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер, маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау, киберқауіптер туралы халықты хабардар ету және дербес деректерді қорғау бағыттарынан толық ұпай алған.

Сонымен бірге жетілдіруді қажет ететін салалар да бар. Қазақстанның кибердағдарыстарды басқару көрсеткіші 44 пайызды құрады. Индекс авторлары елде ұлттық деңгейдегі кибердағдарыс жаттығулары мен төтенше жағдайда тартылатын жедел мамандар резервінің бар екені жөнінде ашық дерек жеткіліксіз екенін көрсеткен. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастыққа арналған бірыңғай байланыс орталығы, әскери кибердоктрина және киберқылмысқа қарсы халықаралық тетіктер бойынша ұпай жоғалтқан.

Ұлттық киберқауіпсіздік индексі елдердегі нақты шабуылдар санын емес, мемлекеттің мұндай қатерлердің алдын алуға және олардың салдарын жоюға қаншалықты дайын екенін бағалайды. Әдістеме 49 көрсеткіштен тұрады. Олардың қатарында заңнама, арнайы мемлекеттік органдар, қауіпсіздік стандарттары, мамандар даярлау, дағдарыс жоспарлары, халықаралық ынтымақтастық және киберқылмыстарды тергеу мүмкіндіктері бар.

Индекс ашық ресми құжаттарға негізделеді және жаңа дерек жарияланған сайын жаңартылып отырады. Сондықтан елдердің рейтингі уақыт өте өзгеруі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары