TikTok, Instagram Reels және осыған ұқсас қысқа видео платформаларын бақылаусыз пайдалану жасөспірімдердің күнделікті оқу қиындықтарына төтеп беру қабілетінің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін. Қытай ғалымдарының бір жылдық зерттеуі қысқа видеоларға тәуелділік күшейген сайын оқушылардың сәтсіз баға, күрделі тапсырма немесе сабақтағы қиындықтардан кейін тез қалпына келуі қиындай түсетінін көрсетті. Зерттеу Computers in Human Behavior журналында жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеуге Қытайдағы үш мектептің 10-сыныбында оқитын 1 567 жасөспірім қатысқан. Олардың орташа жасы 15,4 жас ,jkls. Ғалымдар оқушылардан бір жыл ішінде үш рет, әр алты ай сайын сауалнама алған. Сауалнамалар қысқа видеоға тәуелділік белгілерін, болашақ туралы ойлау қабілетін және күнделікті оқу қысымын қалай еңсеретінін бағалаған.
Зерттеушілер ерекше назар аударған көрсеткіштің бірі – academic buoyancy, яғни оқушының күнделікті оқу қиындықтарынан кейін қайта қалыпқа келе алу қабілеті. Бұл ауыр психологиялық соққыдан кейінгі төзімділікті емес, мысалы, төмен баға алу, қиын тақырыпты түсінбеу немесе үй тапсырмасына байланысты күйзелісті жеңе білуді білдіреді.
Нәтижесінде зерттеудің басында қысқа видеоларға тәуелділік көрсеткіші жоғары болған жасөспірімдердің кейінгі кезеңдерде оқу қиындықтарын еңсеру көрсеткіші төмендеген. Ғалымдар бұл байланысты түсіндіретін ықтимал тетіктердің бірін де анықтаған: қысқа видеоларға шамадан тыс әуестену адамның болашаққа бағытталған ойлауын әлсіретумен байланысты болған.
Яғни жасөспірім ұзақ мерзімді мақсаттан гөрі дәл қазіргі сәтте тез рахат сыйлайтын әрекетке көбірек көңіл бөлуі мүмкін. Қысқа видеолар бірнеше секунд сайын жаңа әрі қызықты контент ұсынып, бірден эмоционалдық сыйақы береді. Ал оқу нәтижесі, емтихан немесе болашақ мамандық сияқты мақсаттар ұзақ уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Зерттеу авторларының моделінде қысқа видеоға тәуелділік болашақ туралы ойлаудың әлсіреуін, ал бұл өз кезегінде оқу қиындықтарына төтеп беру қабілетінің төмендеуін болжаған.
Сонымен бірге байланыс бір бағытта ғана болмаған. Күнделікті оқу қиындықтарын жақсы еңсере алатын оқушылар кейін қысқа видеоларға тәуелділік белгілерін азырақ көрсеткен. Ал болашақ мақсатын анық елестете алатын жасөспірімдердің оқу қысымына төзімділігі жоғарырақ болған. Зерттеу авторлары осы факторлар уақыт өте бір-бірін күшейтуі немесе әлсіретуі мүмкін екенін айтады.
Мысалы, оқушы сабақтағы сәтсіздіктен кейін мазасызданса немесе өзін дәрменсіз сезінсе, көңілін тез көтеру үшін қысқа видео көруге кетуі мүмкін. Бұл әдет қайталана берген жағдайда оқу мәселесінен уақытша қашу тәсіліне айналып, мәселені одан әрі қиындатуы ықтимал деген болжам бар.
Дегенмен зерттеу TikTok немесе Reels оқу қабілетін тікелей нашарлатады деп дәлелдемейді. Барлық негізгі көрсеткіш оқушылардың өздері толтырған сауалнамалар арқылы алынған. Бір жылдық бақылау өзгерістердің уақыт бойынша байланысын көрсетуге мүмкіндік бергенімен, оған отбасылық жағдай, психологиялық денсаулық, ұйқы немесе оқу жүктемесі сияқты басқа факторлар да әсер етуі мүмкін.
Зерттеу тек Қытайдағы жасөспірімдер арасында жүргізілгендіктен, нәтижені барлық елдің оқушыларына бірдей қолдануға да болмайды. Соған қарамастан авторлар жасөспірімдердің қысқа видео пайдалануын азайтумен қатар, олардың болашақтағы мақсатын нақты елестетуіне және бүгінгі әрекетінің сол мақсатпен байланысын түсінуіне көмектесу пайдалы болуы мүмкін деп есептейді.