13 жастағы баланың өлімі: Маңғыстауда балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды

/
13 жастағы баланың өлімі: Маңғыстауда балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды
istockphoto.com

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі комиссияның Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен Ақтау қаласының №2 қалалық емханасында жүргізген жоспардан тыс тексеруінің нәтижесінде медициналық көмекті ұйымдастыру және көрсету барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру қорытындысы бойынша облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды.

Медициналық көмек көрсету фактісі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.

— Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты жағдайды бақылауды жалғастырамыз. Мұндай жағдайлар формалды жауаптарды емес, нақты қорытындылар мен жүйелі шешімдерді талап етеді. Астанада қайтыс болған баланың анасына жеке қабылдау жүргіземін. Бұл қайғы отбасы үшін орны толмас қасірет. Кінәлілер әділ жазасын алады, — деді А. Әлназарова.

13 жастағы жасөспірім биыл сәуір айында қайтыс болды. Оның анасы Жұлдыз Азанованың айтуынша, 17 қаңтарда ұлының іші кенеттен ауырған. Оны аппендицит күдігімен облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізген, алайда үш сағат бақылаудан кейін үйіне жіберген. Баланың жағдайы жақсармаған, ішінің ауырғаны басылмай, дене қызуы көтерілген. Отбасы емханаға және инфекциялық ауруханаға бірнеше рет жүгінген, алайда нақты диагноз қойылмаған және жасөспірімді қайтадан үйіне жіберіп отырған.

Науқастың жағдайы нашарлағаннан кейін ғана ол ауруханаға жатқызылып, операция жасалды. Алайда жағдайы тұрақталмағандықтан, оны санитариялық авиациямен Алматыға жеткізді. Сол жерде көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, жасөспірімді аман алып қалу мүмкін болмады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары