Дархан Сатыбалды сел қауіпсіздігі нысандарын аралап, таулы аймақтағы жағдайды тексерді

/
Дархан Сатыбалды сел қауіпсіздігі нысандарын аралап, таулы аймақтағы жағдайды тексерді
Фото: instagram.com/darkhan_satybaldy_official

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Президент тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен бірге қаланың сел қауіпсіздігі нысандарын аралап, таулы аймақтағы жағдайды тексерді. Бұл туралы қала әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әкімнің айтуынша, тексеру барысында биік таулы мұздық көлдер, мұздықтар мен сел қаупі бар учаскелер әуеден зерттелген.

Сонымен қатар №19 мұздық көлде автоматтандырылған мониторинг станциясы іске қосылып, маусымдық бақылауға арналған модульдік үйшік ашылған.

«Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен бірге Алматының сел қауіпсіздігі нысандарын аралап, жағдайын тексердік. Тікұшақпен әуеден шолу барысында биік таулы мұздық көлдер, мұздықтар мен сел қаупі бар учаскелерді зерттедік. №19 мұздық көлде автоматтандырылған мониторинг станциясын іске қосып, маусымдық бақылауға арналған модульдік үйшікті аштық. Бұл таудағы жағдайды үздіксіз бақылауға және қауіп-қатерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Бүгінде мұздық көлдердің, өзендер және гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жіті бақылауда. Биыл жарылу қаупі бар жеті мұздық көлдің алтауында алдын алу жұмыстары басталды. Заманауи мониторинг жүйесі деректерді диспетчерлік қызметке нақты уақыт режимінде жеткізіп, қажетті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қаланың таулы бөлігіндегі гидрометеорологиялық жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстайтын жаңартылған «Медеу» диспетчерлік пунктін аштық», – деп жазды Дархан Сатыбалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары