Кей адамға неге маса үйір, ал кей адамды мүлде шақпайды?

/
Кей адамға неге маса үйір, ал кей адамды мүлде шақпайды?
сурет: istockphoto.com

Масалардың кей адамдарға көбірек үйір болуы олардың терісіндегі бактериялар мен дене иісінің құрамына байланысты болуы мүмкін. Мұндай қорытындыға АҚШ-тағы Флорида халықаралық университетінің ғалымдары келді. Зерттеу нәтижелері iScience ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәжірибе барысында еріктілер қолдарын арнайы түтікке салған. Кейін зерттеушілер құрылғыға масалардың үш түрін жіберіп, жәндіктердің қай қатысушыға көбірек ұмтылатынын бақылаған.Ғалымдардың түсіндіруінше, адамның дене иісі тек тердің өзінен пайда болмайды. Терідегі микроорганизмдер тер және май бездері бөлетін заттарды ыдыратып, ұшпа органикалық қосылыстар түзеді. Масалар адамды дәл осы иістер арқылы анықтайды.

Адам терісінде мыңнан астам ұшпа қосылыс болуы мүмкін. Олардың мөлшері мен арақатынасы әр адамда әртүрлі болғандықтан, дене иісі де қайталанбайды. Зерттеу әр маса түрінің белгілі бір иістерге өзіндік реакция танытатынын көрсетті. Кейбір жәндіктер жекелеген қосылыстардан алшақтаса, енді бірі нақты иісі бар адамдарды белсенді іздеген.

Тәжірибеде масалардың үш түрін де көп тартқан адамдардың терісінен бактериялардың белгілі бір жиынтығы анықталған. Ал жәндіктерге тартымдылығы төмен қатысушыларда бұл микроорганизмдер кездеспеген немесе олардың мөлшері аз болған.

Зерттеушілер терідегі бактериялар масалардың адамды таңдауына қатысатын иістердің түзілуіне ықпал етеді деп есептейді. Дегенмен масаның шағуына дене температурасы, тыныс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газы, тершеңдік, киім және адамның қозғалысы сияқты басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, жаңа мәліметтер масадан қорғайтын тиімді құралдар әзірлеуге көмектеседі. Болашақта тері микробиомына немесе масаларды тартатын ұшпа қосылыстарға әсер ететін жаңа репелленттер пайда болуы ықтимал.

Алайда мамандар терідегі бактерияларды өз бетінше өзгертуге тырыспау керегін ескертеді. Микроорганизмдердің көпшілігі теріні сыртқы әсерлерден қорғайды және оның қалыпты саулығын сақтауға қатысады. Сондықтан зерттеу нәтижелері алдымен қосымша тәжірибелер арқылы расталуға тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар