Атырауда өзін жесір әйел ретінде таныстырған ер адам танысынан 2,5 млн теңге алған

/
Атырауда өзін жесір әйел ретінде таныстырған ер адам танысынан 2,5 млн теңге алған
unsplash.com

Атырауда 34 жастағы ер адам әлеуметтік желіде өзін "Роза" есімді жесір әйел ретінде таныстырып, бір азаматтан 2,5 миллион теңгеден астам ақша алған, деп хабарлайды Halyqstan.

Тергеу мәліметінше, күдікті парақшасына бейтаныс әйелдің суретін қойып, өзін 44 жастағы жесір әйел ретінде көрсеткен. Хат алмасу барысында ол жол апатынан күйеуінен айырылғанын және қаржылық қиындыққа тап болғанын айтқан.

Оның сөзіне сенген жәбірленуші азық-түлік, қарыз, айыппұл және басқа да қажеттіліктерге деп бірнеше рет ақша аударып отырған. Екі ай ішінде ол түрлі төлем сервистері арқылы шамамен 170 аударым жасап, жалпы 2 580 900 теңге жіберген.

Кейін алданғанын түсінген азамат полицияға арызданған.

Сот барысында айыпталушының бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Ол тағылған айыпты толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген шығынды өтеген.

Жәбірленуші сотта ер адамды кешіргенін айтып, азаматтық талабынан бас тартты. Сондай-ақ оған қатаң жаза тағайындамауды сұрады.

Сот айыпталушыны ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жасалған алаяқтық бойынша кінәлі деп танып, 500 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар