«Әділет» партиясының өкілдері СҚО, ШҚО, Абай және Түркістан облыстарында халықпен ашық пікір алмасты

«Әділет» партиясының өкілдері СҚО, ШҚО, Абай және Түркістан облыстарында халықпен ашық пікір алмасты
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны аясында өңірлерде сайлаушылармен кездесулерін жалғастыруда. Шығыс Қазақстан, Абай және Түркістан облыстары мен Солтүстік Қазақстан облысында өткен кездесулерде партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, азаматтармен ашық пікір алмасты. Кездесулерге тұрғындар, кәсіпкерлер, еңбек ұжымдарының өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелері қатысып, әлеуметтік қолдау, еңбек құқығын қорғау, энергетикалық қауіпсіздік, инфрақұрылым, ауылдық аумақтарды дамыту және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру мәселелерін көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Басты назарда – қала дамуының өзекті бағыттары

Партияның мобильді үгіт-насихат тобы Петропавлдегі қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен өңірлік сайлауалды штабының өкілдері «Алтын Арман» базарындағы кәсіпкерлер және сатып алушыларға партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Кездесу барысында тұрғындар түрлі мәселені ортаға салды Бірі қаладағы жекелеген шағын аудандардағы жолдар мен аулалардың жай-күйіне алаңдаушылық білдірсе, енді бірі шағын бизнесті қолдау, медициналық көмектің қолжетімділігі және отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы сұрады. Сондай-ақ қаланы абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер де қозғалды.

Жүзге жуық тұрғын кандидаттармен жеке жүздесіп, партияның сайлауалды бағдарламасымен танысуға мүмкіндік алды.

«Біз үшін партияның бағдарламасын таныстыру ғана емес, өз пікірін білдіруге дайын әрбір азаматтың ойын тыңдау да маңызды. Осындай кездесулер арқылы бүгінгі күні халық үшін ең өзекті мәселелердің қандай екенін тереңірек түсінеміз. Базарда адамдар өз ауласы мен қаласында болып жатқан жағдайлар туралы ашық әрі тікелей сұрақтар қояды. Мұндай ашық әңгімелер тұрғындар үшін өте маңызды», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Айымгүл Әбілева.

Мобильді үгіт-насихат тобының жұмысына сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидат Ольга Перепечина, өңірлік сайлауалды штабының мүшелері Александр Зель, Азамат Қасенов, Вадим Мусин және Олег Колтунов, сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар қанатының 20-ға жуық белсендісі қатысты. Олар базар аумағын аралап, келушілерге ақпараттық материалдар таратып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Негізгі басымдық – энергетикалық қауіпсіздік

«Әділет» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны аясында Өскеменде «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ ұжымымен кездесті.

Бүгінде екі бірдей, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының халқына электр энергиясын жеткізіп отырған компанияда 3 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабының төрағасы, Құрылтай депутаттығына үміткер Жанат Мекеева «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ондағы еліміздің энергетика инфрақұрылымын дамыту мен энергетика қауіпсіздігін нығайту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінгенін атап өтті.

– Біздің міндетіміз – еліміздің энергетика қауіпсіздігіне сеп болу, дәстүрлі энергетиканың бәсекедегі артықшылықтарын сақтап қалу, заманауи генерация көздерін дамыту. Сонымен қатар, Қазақстан ішінде шикізатты қайта өңдеуді арттыру және энергетика секторы ресурстарды экспорттап қана қоймай, өнеркәсіптің, инвестициялардың және өнімділігі жоғары жұмыс орындарының өсуіне негіз болатындай жағдай жасау. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасында осы бағыттарда атқарылатын жұмыстар нақты көрініс тапқан, – деді Жанат Мекеева.

Жанат Мекеева партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі жеті мақсаттың бірі энергетика саласына арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламада Қазақстанды негізгі азық-түлік пен энергетикалық ресурстармен толық қамтамасыз етілген елге айналдыру, сондай-ақ азық-түлік және энергетика салаларында 100 пайыз дербестік пен қауіпсіздікке қол жеткізу міндеті белгіленген.

Еңбекке құрмет – әділетті қоғамның негізі

«Әділет» партиясының Абай облыстық сайлауалды штабы кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Тараптар еңбек құқығын қорғаудан бастап әлеуметтік әріптестікті күшейтуге дейінгі өзекті мәселелерді ашық айтты.

Семейде «Alikhan Bokeikhan University» алаңында өткен кездесуге Құрылтайға кандидаттар Шалқар Байбеков, Айрат Базенов, облыстық сайлауалды штабтың мүшесі Ернар Тоқтаров және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Басқосуды штаб мүшесі Лилия Муслимқызы жүргізді.

Кездесу барысында Шалқар Байбеков еңбек адамының құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту – әділетті қоғамның негізгі қағидаты екенін атап өтті.

«Кәсіподақтың миссиясы тек туындаған мәселені шешумен шектелмеуі керек. Оның басты рөлі – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген еңбек мәдениетін қалыптастыру. Әр адам өз құқығының қорғалатынына сенімді болғанда ғана еңбек өнімділігі артып, қоғамда тұрақтылық пен даму үшін берік негіз қаланады», – деді Айрат Базенов.

Штаб мүшесі Ернар Тоқтаров партияның сайлауалды бағдарламасындағы азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу жөніндегі бастамаға тоқталып, бұл мақсат сапалы медицинамен, қауіпсіз еңбек жағдайымен және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырумен тікелей байланысты екенін айтты.

Кәсіподақ ұйымдарының өкілдері еңбек заңнамасын жетілдіру, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесу соңында қатысушылар «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын қолдайтындарын білдіріп, онда көзделген еңбек адамының құқықтарын қорғау мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың өзектілігін атап өтті. 

Өңір дамуы – басты бағыт

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы сайлауалды штабы Созақ ауданы Шолаққорған ауылының тұрғындарымен жүздесті. Жаңа Конституцияның бұлжымас қағидаттарын қызметінің өзегіне айналдырған «Әділет» партиясының бағдарламалық құжатымен танысуға 500-ге жуық аудан тұрғындары қатысты. Азаматтар Құрылтай депутаттығына үміткерлермен пікір алмасып, ауданның даму бағыттарына қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Аталған кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев, Нұрсадық Ергешбек, Динара Егамбердиева, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, штаб мүшелері Полат Тұрсынбаев, Ләззат Асанова қатысып, сайлаушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жиында сөз алған облыстық партия филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев азаматтармен өткен әр кездесуді есеп беру үшін емес, ортақ шешім іздейтін алаң ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Бүгінгі қоғам өзгерді. Азаматтар енді әдемі сөзден гөрі, нақты нәтижеге сенеді. Сондықтан біз халықтың алдына дайын ұранмен емес, ашық ұстаныммен келіп отырмыз. Созақтың әр тұрғыны көтерген мәселе – партия үшін де, мемлекет үшін де маңызды. Заңның үстемдігі, әділ экономика, қуатты өңірлер туралы айтқанда, біз оны нақты ауылдардың тағдырымен байланыстырамыз. Себебі елдің күші –ауылдағы адамның өмір сапасымен өлшенеді. Егер халықтың сенімін ақтай алмасақ, кез келген бағдарламаның құны болмайды. Ал сенім бар жерде жауапкершілік бар. Біз сол жауапкершіліктен ешқашан қашпаймыз. «Әділет» партиясы үшін ең үлкен саяси капитал – халықтың сенімі, ал ең үлкен міндет – сол сенімді нақты іспен ақтау», – деді Нұрлан Әлішерұлы.

Кездесу барысында Созақ тұрғындары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыз су, жол сапасы, жайылым мен суармалы жер мәселелері, жастарды жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын қолдау, шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұсыныстары мен сауалдарын жеткізді.

Сонымен қатар жиын кезінде Созақ өңірі стратегиялық маңызы бар кен өндіретін аудан екені айтылып, экологиялық қауіпсіздікті қамту бойынша басымдықтарға назар аударылды. Аймақтың дәстүрлі түрде мал шаруашылығына бейімделгені, осы сала бойынша атқарылатын мәселелер жан-жақты қамтылды. Жастар үшін қолайлы мүмкіндіктер қалыптастыру, ауылдық елді мекендердің тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері де кеңінен қозғалды. Уран өндірісінің зиянын айтқан тұрғындар, ауданда кедергісіз орта қалыптастыру, жұмыспен қамту саласындағы өзекті мәселелер, кәсіпкерлікті дамыту бойынша беріліп жатқан жеңілдетілген несиелердің тиімділігін арттыруда, бақылауды күшету мәселелері қозғалды. 

Құрылтай депутатығына кандидаттар Нұрсадық Ергешбек пен Динара Егамбердиева тұрғындар көтерген әр сауалдың артында бір отбасының тағдыры, бір ауылдың болашағы тұрғанын жеткізді. Штаб мүшелері ең маңыздысы халықпен осындай ашық әңгіме жүргізіп, дәл осындай кездесулер дұрыс шешім қабылдауға негіз болатынын айтты.

Кездесу қорытындысында аудан тұрғындары ашық диалогтың өңірлік мәселелерді шешуге және халық пен саяси институттар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететінін тілге тиек етті.

 

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары