100 жылда алғаш рет жабайы мысықтың жаңа түрі анықталды

/
100 жылда алғаш рет жабайы мысықтың жаңа түрі анықталды
сурет: National Geographic

Боливияда ғылымға бұрын белгісіз болған жабайы мысықтың жаңа түрі анықталды. Оған Leopardus tilcayo немесе тилкайо деген атау берілді. Ғалымдардың мәліметінше, бұл соңғы жүз жылдан астам уақыт ішінде ғылым үшін мүлде жаңа түр ретінде сипатталған алғашқы мысық, деп хабарлайды turkystan.kz National Geographic-ке сілтеме жасап.

Тилкайоның тарихы 2016 жылы басталған. Боливия тұрғыны орман маңындағы жолдан кішкентай мысық тауып алып, оны үй жануары деп ойлаған. Жануар шамамен бір жыл бойы оның үйінде тұрған. Алайда кейін иесі мысықтың жабайы екенін байқап, оны жануарларды қорғау орталығына тапсырған.

Орталыққа келген жануар боливиялық биолог Паола Ногалес-Аскаррунстың назарын аударды. Мысықтың денесі шағын, құлағы қысқа әрі дөңгелек, ал жүнінде қабыланға ұқсайтын ірі дақтар болған. Алғашында мамандар оны Оңтүстік Америкада кездесетін жолбарыс мысықтарының бұрыннан белгілі түріне жатқызған.

Бірақ кейін зерттеушілер Боливиядағы жануардың сыртқы ерекшеліктері көрші елдердегі туыстарынан айтарлықтай өзгеше екенін байқаған. Бірнеше жылға созылған генетикалық зерттеуден кейін халықаралық ғалымдар тобы оның жеке түр екенін растады.

ДНҚ талдауы тилкайоның жақын туыстарынан шамамен 1,4 миллион жыл бұрын бөлініп шыққанын көрсетті. Осы генетикалық айырмашылықтар оны дербес түр ретінде жіктеуге негіз болған.

Жануарға берілген «tilcayo» атауы Боливиядағы жергілікті халық қолданатын атаудан алынған. Оның нақты мағынасы белгісіз болғанымен, тұрғындар бұл мысықты бірнеше ұрпақ бойы осылай атап келген.

Қазіргі мәлімет бойынша, тилкайо Боливиядағы Анд тауларының шығыс беткейінде орналасқан Юнгас ормандарын мекендейді. Алайда оның саны, қоректену ерекшеліктері, көбеюі және тіршілік салты туралы мәлімет әзірге өте аз.

Ғалымдар бұл жаңалық Оңтүстік Америкадағы ұсақ жабайы мысықтардың әлі толық зерттелмегенін көрсететінін айтады. Заманауи геномдық талдау әдістері болашақта ғылымға белгісіз басқа да түрлерді анықтауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары