Әлемдегі ең үздік 20 әуе компания анықталды

/
Әлемдегі ең үздік 20 әуе компания анықталды
сурет: istockphoto.com

Singapore Airlines 2026 жылғы әлемнің үздік әуе компаниясы атанды. Skytrax жариялаған World Airline Awards рейтингінде екінші орынға Qatar Airways, үшінші орынға Cathay Pacific жайғасты. Үздік ондықта негізінен Азия мен Таяу Шығыс тасымалдаушылары басым, деп хабарлайды turkystan.kz.

World Airline Awards марапаттары 18 қыркүйекте Лондонда өткен салтанатты шарада табысталды. 1999 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл рейтинг авиация саласындағы ең беделді жолаушылар сауалнамаларының бірі саналады және бейресми түрде «авиация Оскары» деп аталады.

2026 жылғы сауалнамаға 100-ден астам елдің жолаушылары қатысып, 300-ден астам әуе компаниясы бағаланған. Дауыс беру 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы тамызға дейін жүргізілді.

Еуропалық тасымалдаушылар үздік жиырмалықта алты орын иеленді. Олардың арасында ең жоғары нәтижені Turkish Airlines көрсетті — бесінші орын. Air France жетінші, Lufthansa 14-орынға жайғасты. Iberia – 16-шы, Virgin Atlantic – 18-ші, Swiss International Air Lines 19-шы орын алды.

2026 жылғы әлемнің үздік 20 әуе компаниясы:

  1. Singapore Airlines
  2. Qatar Airways
  3. Cathay Pacific
  4. ANA All Nippon Airways
  5. Turkish Airlines
  6. Emirates
  7. Air France
  8. Hainan Airlines
  9. Japan Airlines
  10. Korean Air
  11. EVA Air
  12. Qantas Airways
  13. STARLUX Airlines
  14. Lufthansa
  15. Saudi Arabian Airlines
  16. Iberia
  17. Air Canada
  18. Virgin Atlantic
  19. Swiss International Air Lines
  20. Thai Airways.

Singapore Airlines бас жүлдемен қатар әлемдегі ең үздік эконом-класс және эконом-кластағы үздік борттық тағам марапаттарын иеленді. Әуе компаниясы World Airline Awards тарихында алтыншы рет әлемнің үздігі атанып отыр.

Өткен жылғы жеңімпаз Qatar Airways биыл екінші орынға түсті. Соған қарамастан, компания төрт марапат алды. Оның бизнес-класы әлемдегі үздік деп 13-рет танылды. Сондай-ақ Qatar Airways Таяу Шығыстың үздік әуе компаниясы және биыл алғаш енгізілген «Әлемдегі ең үздік борттық Wi-Fi» аталымының жеңімпазы атанды.

Еуропалық компаниялар жекелеген санаттарда да ерекшеленді. Air France әлемдегі ең үздік бірінші класс атағын алса, Turkish Airlines Еуропаның үздік әуе компаниясы және бизнес-кластағы үздік тағам қызметі бойынша жеңіске жетті. Vueling Еуропадағы үздік лоукостер атанды.

Қазақстандық Air Astana да екі марапат иеленді. Компания Орталық Азия және ТМД-ның үздік әуе компаниясы, сондай-ақ осы өңірдегі ең үздік борт қызметі бар әуе компаниясы деп танылды. Ал FlyArystan Орталық Азия және ТМД-ның үздік лоукостері атанды.

Әлемдегі ең үздік лоукостер атағын AirAsia 17-ші жыл қатарынан жеңіп алды. Ал Cathay Pacific бортсеріктер қызметі бойынша бірінші орынға шықты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар