Жуырда Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде талантты кескіндемеші, Суретшілер одағының мүшесі, белгілі суретші Құмар Омарханның «Ұлы рух» атты жеке көрмесі өткен болатын. Әр картинасы ұлттық рухқа суарылған, тарихи танымға негізделген, ұлы тұлғалардың бірегей портреттерін кескіндеген оның шығармашылығы туралы өнертанушы Зухра Ыдырыстың мақаласын ұсынып отырмыз.
Құмар Омархан ХХІ ғасырдың басындағы Тәуелсіз Қазақстанның жас суретшілер легінің көшін бастаған шебер суретші. Оның шығармашылығы қазақ халқының ұлт және мемлекет болып қалыптасуында зор үлесін қосқан, жанын пида еткен ұлт қайраткерлерінің көркемдік бейнесін кескіндемеде көркемдеп шешуімен ерекшеленеді. Шығармашылық жолын осыдан 20 жыл бұрын бастаған суретші тырнақалды туындыларынан-ақ бабалар рухын ұрпақ жадында қайта жаңғыртуымен көрермен көңіліне жол тартып, оң бағасын алды.

Шығармашылығының алғашқы кезеңінде-ақ, яғни, 2013 жылы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі және Airline компаниясының ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақ халқының эпостық жырлары» атты конкурстық көрменің дипломанты атанып, «Батыр бабалар 1» атты жұмысы комиссияның шешімімен Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің алтын қорына енді. Осы жылы Алматы қаласында ше-
телде тұратын отандастардың қатысуымен өткізілген Халықаралық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылған суретшілер көрмесінде І орынды иеленді.
2014 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен бейнелеу өнері байқауының 1 орын иегері. 2019 жылы Түркия Мемлекеті Кипр аралындағы шығармашылық симпозиумға шақырту алып, Суат Ирфан Гүнсел мырзаның ұйымдастыруымен жинақталып жатқан Заманауи өнер музейіне жұмыстары қабылданды.

Қазақстанның Суретшілер одағының ұйымдастыруымен Ақтау, Атырау, Қызылорда және т.б. облыс орталықтарында өткен симпозиумдарға белсенді қатысушы әрі республикалық деңгейдегі бірнеше байқаудың жеңімпазы. Құмар Омархан елімізге белгілі суретші Есімғали Жұманов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірті. Сонымен қатар ол Ж.Қайрамбаевтың үздік шәкірттерінен құрылған Izder шығармашылық тобының мүшесі ретінде бірнеше көрмеге қатысып, өзінің шығармашылық қолтаңбасын айқындаған. Қазір Құмар Омарханның өзі де Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қарасты колледж бен мектеп-интернатта жас суретшілердің бірнеше буынын тәрбиелеп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, білікті маман, шебер суретші.

Құмар Омархан елімізге белгілі суретшілердің арасында 2021 жылы ұйымдастырылған ХІ республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған онлайн-конкурсына қатысып «Абай және Жамбыл әлемі жас суретшілер көзімен» атты «Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған үздік көркемсурет туынды» номинациясы бойынша «Абай Құнанбайұлы. Күз» туындысы үшін бас жүлдемен марапатталып, қомақты қаржылай сыйақыға ие болды.
Қазақтың маңдайына біткен дара тұлға, ақын, ойшыл, аудармашы Абай Құнанбайұлының шығармашылық болмысын ашатын көркем образы сәтті шешім тапқан аталмыш туынды 2020 жылы өлшемі 140х90 см болатын көлденең форматты кенепте майлы бояумен лиссировкалы техникада орындалады. Туындының колориттік шешімі мен орындау шеберлігі Құмар Омарханның өзіндік қолтаңбалық ерекшелігіне, тәлім алған кәсіби шеберлік мектебіне сай реалистік мәнерде шешім тапқан.

Туындыдан оң жақтан солға қарай бағытталған, үстіне кең пішімді жеңіл шапанын киіп, екі қолын артына айқастырып ұстаған күйі ойға шомып, күзгі салқында сейіл құрған Абай бейнесін көреміз. Ауыр ойға батқан болмысын Абайдың көз жанарын алысқа салмай, басын сәл еңкейте ұстап, бейтарап бағытта аяңдаған жүрісі айқындай түседі. Жапырақтары түскен қурайлар мен ағаш бұтақтары, сарғыш реңге боялған бүкіл алқап, көлін тастап жылы жаққа сұңқылдай ұшқан тырналар, сұрғыш көк суық түске боялған көл де, күздің қара суық мезгілі болғанын білдірсе керек. Туынды колориті Абай атамыздың «Күз» атты өлеңінде «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз болып дымқыл тұман жерді басқан», – деп жырлайтын өлең шумақтарының жолдарына сәйкес келеді. Жылуын аз шашып, мейлінше кішірейген күн көзі, алыстан мұнарлап іздеусіз қалғандай көрінген жалғыз балбал тас күз мезгілінің соңғы айларындағы сүреңсіздікті жеткізгісі келгендей. Алайда суретші сары реңдес түстерді ұтымды пайдалана отырып, табиғаттың сұлулығын шебер жеткізеді. Сары және сұр түсті колорит арқылы Абайдың қара халқының болашағы жайлы ұлы толғаныстарын, шеккен уайымын да мейлінше әсерлі суреттеген. Тақырыптық туындының түстік шешімінен ұлы ақынның шығармашылық аурасын, философиялық ой-толғауларын толықтай сезіне аламыз. Абай әлеміне бойлай отырып артында мол мұра қалдырған дара тұлғаның жалпы халыққа танымды әдеби, театралдық бейнесін дене тұрқының силуэтті шешімі арқылы тұтас жеткізеді. Бұл туындыдан Абай Құнанбайұлының портреттік бейнесін көрмегенімізбен, Абай әлеміне сезімдік тұрғыда терең бойлаймыз.
Туынды Абай әлеміне деген асқан құрмет пен сағынышқа негізделгендіктен, романтикалық реалистік мәнерде шешім тауып, лиссировкалық жазу техникасы арқылы лирикалық көңіл күйде орындалған. Құмар Омарханның «Абай» атты туындысына қарап отырып, оның әлемін, философиясын, танымын, лирикалық өлеңдерінің табиғатын сезініп, түйсіне аламыз. Туынды көрерменді ақынның дара әлеміне елітіп таныстыруға, Абай шығармашылығын насихаттауға арналған.

Портреттер сериясында осындай мәнерде жазылған кезекті туындысы Шәкәрім Құдайбердіұлына арналады. ХХ ғасырдың басындағы қазақтың философиялық-этикалық бай мұрасын өз шығармашылығында дінмен, дәстүрлі мәдениетпен терең сабақтастықта парасатты жеткізген ақынның кеуделік портреті суретші шығармашылығында дара шешім тапқан. Әлдеқандай мистикалық әсерлерге жетелейтін туындының жазылу мәнері Шәкәрім әлемінің тылсым сырларына көрерменін бойлатқысы келгендей. Ш.Құдайбердіұлының сәтті шешім тапқан портреттік келбеті өткен шақтан ұрпағына зор үмітпен қарап тұрғандай әсер қалдырады. Бейне мен артқы ая арасындағы ауа кеңістігінің бір сәтте өте мол секілді сезілуі ақынның басы мен қауға сақалының тым шынайы әрі әсерлі көрініс табуына мүмкіндік берсе, бейнеленген кескін шекараларының, әсіресе, кеуде және иық бөлігінің жуылып, аямен бір сәт кей жерлерде тұтасып бейнеленуі тылсымдық, яғни, мистика әсерін күшейте түседі.
Кескіндемеші шығармашылығы негізгі үш бағытта дамуда. Бірінші бағыты сонау шығармашылығының алғашқы жылдарынан бастау алған күрделі композициялық құрылымға негізделген тақырыптық-жанрлық туындылар. Бұл қатарда суретші негізінен батальдық жанрлардан бастап, тақырыптық композицияларға дейін қарастыра отырып, дәстүрлі академиялық мектептің талаптарына сай жұмыс жасайды.
Екінші бағытын суретші шығармашылығындағы шағын жанрлық туындылар құрайды. Олардың қатарынан еліміздің тамаша табиғатын кескіндейдін әртүрлі этюдтер мен табиғат көріністерін және ұлттық мұрамыз бен дәстүрімізді насихаттайтын натюрморттар сериясын тамашалай аламыз.
Шығармашылығының негізгі мағыналық құрылымын айқындаған үшінші бағыты портреттер галереясына арналған. Осы портрет бағытында суретші өзінің жанына жақын жандарының камералық шешімдегі келбеттерін бір серияға топтастырып кескіндейді. Бұлардың қатарынан жан-жарының, ерке әрі қылықты қызының, үміт артар ұлдарының және арқасүйер әкесінің бейнелерін көруге болады. Аталмыш портреттерде Құмар өз отбасының әрбір мүшесіне деген өзінің махаббаты мен ыстық ықыласын, ізгі тілеуі мен сүйіспеншілігін жарық пен түстің қатынасында шебер жеткізеді. Отбасылық портрет сериясына көбіне романтикалық көгілдір түс пен сезімді сергітетін қанық қызыл түстің үйлесімді үндестігі тән. Алтын түстес жарқыраған сары, жұмсақ охра мен жанға жағымды қоңырқай түстер де осы камералық портреттердің негізгі гаммасын құрап, көрерменнің қабылдауында жайлы әрі жылы сезім тудырады. Бұл топтамадан көңілге ерекше әсер ететіні 2025 жылы жазылған, марқұм әкесімен рухани түрде қоштасуға арналған «Соңғы қоштасу» атты туындысы. Мұнда атасы мен немересінің арасындағы махаббат өте сезімді әрі сенімді кескінделіп, жүректің түпкірінен көңілдің төрінен орын алады.
Құмар Омарханның портреттер галереясының шебін ұлт қайраткерлерінің тұлғалық келбеті жалғастырады. Суретшінің мұндағы мақсаты жас ұрпақтың жадында ұлт қайраткерлерінің портреттік бейнелерін қайта жаңғырту болды. Осы орайда кескіндемеші жазу мәнеріне жаңаша ізденістер қоса отырып мастихинмен жазу әдісін дамытып эксперименттер жасайды. Ол қазақ халқының елдігі мен еркіндігі жолында жан беріп күрескен хандар мен батырлардың (Жошы хан (2023), Сұлтан Бейбарыс (2023), Әлия Молдағұлова (2022), Бауыржан Момышұлы (2023) және т.б.), мемлекеттігіміз бен тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуында аянбай еңбек еткен Алаш арыстарының (Ә.Бөкейханов (2021), А.Байтұрсынұлы (2024) және т.б.), халықтың рухани әлемінің шырағын жаққан әдебиет пен ғылымның, қазақ философиясының дара тұлғаларының (Абай Құнанбайұлы (2020), Шәкәрім Құдайбердіұлы (2019), Мұхтар Әуезов (2024), Ақселеу Сейдімбеков (2023), Әбіш Кекілбаев (2024) және т.б.) кескіндемедегі көркемдік бейнесін қайта қарастырады. Бұл туындыларында көрініс тапқан биік тұлғалық шешім мен асқақ рухтың бейнесі болған кейіпкерлер арқылы өскелең ұрпақтың көкірегенде ұлтжандылық сезімін оятуды көздей отырып, эпикалық романтизм мәнерінде кескіндейді. Әрбір тұлғаның мастихинмен жазылған қат-қабат бояуларының мың түрлі реңктерінің үндестігінде шешілген бейнесі, пастозды жазу мәнері әрбір кейіптердің ұлт тарихындағы ерен еңбегінің, ауыр тағдырының, тар жол тайғақ кешкен шығармашылық ізденістерінің, егемендік үшін жан аямай күрескен физикалық және рухани шайқастарының символы іспеттес.

Құмар Омархан осындай отбасы мүшелері мен ұлт қайраткерлерінің үлгілі ғұмырын кескіндеуге арналған портреттік галереяларын лирикалық және эпикалық романтизмге негізделген реализм мәнерінде шешеді. Оның шығармашылығы бейнеленуші тұлғаның көркем бейнесін түс пен пастозды жазу мәнері арқылы сыртқы портреттік келбетін ішкі әлемімен, характерімен, өмір жолымен, шығармашылығымен байланыстыра отырып ашуға негізделген. Яғни, суретші ұлт қайраткерлерінің халық санасына жақын, танымды, идеалдандырылған бейнесін жасайды. Қою қараңғы әрі суық түс пен болмашы жарық сәулесі арқылы кейіпкердің тағдыры мен шығармашылығын, өткен күн мен бүгінгінің арасындағы байланысты орната отырып қарастыруға тырысады. Туындыларына танымсыз бейтарап кеңістік беру арқылы бейнеленген кейіпкер тұлғасын барлық уақытқа тиесілі еткендей. Демек, оның болмысын біз тек өткен шақта ғана қарастыра алмаймыз. Мұндай танымсыз бейтарап кеңістіктер әсершілдікке бой алдырған романтизмнің басты белгілерінің бірі. Бүгінгі жас суретшілердің арасында тынымсыз еңбек етіп орта буынға өткен Құмар Омархан шығармашылығы мейлінше қызықты әрі ізденіске толы. Шығармашылығына көз жүгіртіп қарар болсақ, оның ұдайы ізденіс үстінде екенін байқау қиын емес.
Суретші ой мен сезімнің адамы. Ол өз шығармашылығында осының тоғысқан түйінін тең ұстай алу керек. Құмар Омархан осы ізденісте жемісті нәтижелерге қол жеткізіп қазақ кескіндемесінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, аға буын мен жас буынның арасына көпір болып жалғанған, дәстүрлі реалистік мектептің тәжірибелерін жаңаша ізденістерімен тоғыстыра білген, болашағынан зор үміт күттіретін, өзінен кейінгі буынға үлгі болатын суретшілердің бірі.
Зухра ЫДЫРЫС,
өнертанушы