Қоғамның ішкі ядросы сенім және ой бостандығы арқылы бекиді. Бірақ зайырлылық болмаса, «бостандықтың» жалаң қылышқа айналуы бек мүмкін. Зайырлы адам өз сенімін ғана әспеттемей, өзгенің сеніміне құрметпен қарай алады. Бүгін біз Ясауитану халықаралық зерттеулер орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, түркітанушы ғалым, ақын Айнұр Әбдірәсілқызымен осы әңгімені өзек ете отырып, қоғамдық процестегі біраз дүниені әңгіме еттік.
– Сізді халық әуелі ақын ретінде таныды. Кейін ғылым саласына, оның ішінде дінтануға бет бұрдыңыз. Поэзия мен ғылым жолын қалай ұштастырып жүрсіз?
– Мен 14 жасымда араб тілін үйреніп, қолыма Құран алдым. 16-ға толар-толмас шағымда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Шығыстану факультетінің араб тілі бөліміне оқуға түстім. Сол алғашқы курстан бастап, құрантану зерттеулеріне ден қойдым. Жалпы, мен өмір бойы айналысатын ісім Алламен байланысты болсын деп, араб тілін ислам дініне барар жол ретінде таңдағанмын. Менің өлеңдерім «Әдебиет айдыны» газетінде жарияланып, елді елең еткізген 2006 жылға дейін мен университетті, магистратура мен аспирантураны тәмамдап, Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығында және Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында бірнеше жыл жұмыс істеп, жас ғалым ретінде жақсы-ақ танылып үлгерген болатынмын.
– Сіз түркі халықтары әдебиетін, Ясауи поэзиясын терең зерделедіңіз. Орта Азия халықтары әдебиетінде сопылық дүниетанымның алар орны қандай?
– Орта Азия әдебиетінде лиризмді терең орнықтырған құбылыс – сопылық таным. Әрине, поэзияның табиғатына лиризм тән. Дегенмен әдеби даму кезеңдерінде оның көрініс беруі әртекті болады. Ясауиге дейінгі түркілік поэзияның ең көрнекті мысалдары көрініс тапқан Қашқари сөздігінде лиризмнің табиғи, нәзік көріністері бар. Басқа мысалдарға қатысты да осыны айтуға болады. Ал сопылық сарын, соның ішінде түркі жазба әдебиетінде Ясауи дендеп орнықтырған сопылық лирика тереңдігімен, өршілдігімен, әсерлілігімен, қуаттылығымен ерекшеленеді. Өйткені сопылық поэзияның өзегін Аллаға деген махаббат құрайды. Ал Аллаға деген махаббат жасық, бойкүйез, төменшік бола алмайды. Ол өр рухты, қайсар мінезді, сенім мен ерік-жігерге толы болады. Өйткені ол – мәңгілікке, жасампаздыққа, мейірімге, парасатқа деген махаббат.
Осындай өршіл де сыршыл болмысымен түркі халықтары поэзиясына автопсихологиялық типтегі лирикалық кейіпкерді алып келген – Қожа Ахмет Ясауи. Ол көне түркілік поэзиялық жанрларды араб-парсылық жанрлық түрлермен синтездей отырып, хикмет жанрының негізін салды. Оның өзегін сопылық сарындар құрады. Ясауи негізін салған хикмет жанрын ғасырлар бойы Орта Азия мен Анадолыдағы, Татарстан мен Кавказ жұртындағы жүздеген ақын жалғастырып, баға жетпес туындыларды дүниеге келтірді.
Әрине, Ясауиге дейінгі әдебиетте де сопылық танымның аздаған сілемдері бар, бірақ олар тұлғаланған құбылысқа айналып үлгермеген еді. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінен», елеулі бөлігі Ясауи кезеңіне дейін туындаған Қорқыт жырларынан соны байқауға болады. Ал Қашқари сөздігіндегі діни тақырыптағы өлеңдер сопылық сарынды таныта алмайды. Осылардың ішінде Қорқыт жырларының бастапқыда ауызша туындап, таралуы мен хатқа түсуінің арасында бірнеше ғасырлық жол жатқанын, осы кезеңде Қорқыт жырлары мен Ясауи поэзиясын әсер ету, қатар даму және әсер алу құбылыстары жалғап жатқанын да есте тұтқанымыз абзал. Қорыта айтқанда, түркі халықтары жазба әдебиетіндегі сопылық поэзияның көшбасында Қожа Ахмет Ясауи тұр. Ол түркі поэзиясына көптеген жанрлық, көркемдік және құрылымдық жаңалық алып келді, түркі жазба әдебиетіне арузды бастап орнықтырды. Ол іргетасын қалаған мектеп орта ғасырларда Орта Азиядағы ең негізгі поэзиялық мектепке айналып, ол негіздеген хикмет жанры түркі әдебиетіндегі діни поэзияның негізгі жанры ретінде қалыптасты. Осылайша, сопылық сарын түркі әдебиетін көктей өтіп жатқан кемел құбылысқа айналды.
– Бүгінгі ақындардың поэзиясынан сопылық сарын байқала ма? Қазіргі діни өлеңдер дидактикаға бейім деген тұжырымға келісесіз бе? Мұның себебі неде?
– Терең тамырлы құбылыстардың ғұмыры қашанда ұзақ болады. Сопылық сарынның әдебиетімізге дендеп енгеніне тоғыз ғасырға жуықтады. Ол жоғарыда сипатталғандай көркем де кемел, өршіл де сыршыл болмысымен біздің поэзиямыздың мінезіне айналды. Заманнан заман озса да сол болмыс, сол мінез, сол сарын жарып шықпай тұрмайды. Сопылық сарын адамзат әдебиетімен, ислами поэзиямен және қазақ өлеңімен бірге жасай береді.
2009 жылдары мен «Қазақ поэзиясындағы мінәжат жанры: ежелгі поэзия мен қазіргі әдебиеттегі көрінісі» атты зерттеу жұмысын жасаған едім. Ол «Қазіргі қазақ поэзиясындағы ежелгі әдебиет дәстүрі» атты ұжымдық монографияда жарияланған болатын. Осы зерттеуде мен сол кезеңге дейінгі бірқатар қазақ ақындарының сопылық сарындағы мінәжат жырларына талдау жасап, Ясауиден желі тартқан алтын арқаудың ғасырлар бойы қалай, кімдер арқылы жалғасқанын саралағанмын. Жыраулар поэзиясы, зар заман ақындары шығармашылығында, Абай, Шәкәрім, Мағжан туындыларында көрініс тапқан аталмыш сарындарды зерделей келе, бертінгі Мұқағали Мақатаев, Есенғали Раушанов, Дархан Қыдырәлі, Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Гүлнәр Шәмшиева сынды ақындар шығармашылығындағы мінәжаттарға сол туындыда талдау жасалған.
Қазақ поэзиясы қазір де жауһардай жырларға толы. Соның ішінде сопылық сарынның да үлес салмағы басым екеніне менің күмәнім жоқ. Тек оны қарапайым діни жырлардан ажырата білетін талғам қажет. Өз өлеңдеріме қатысты бір жайтты атап өту осы тұста орайлы болып тұр. Шамамен 2006 жылдары менің ғылыми жетекшім, филология ғылымдарының докторы Т.Есембековтың маған: «Сіздің өлеңдеріңіздің 60-70 пайызы сопылық сарыннан тұрады» дегені бар. Бұл мені таңғалдырды және осыдан кейін өз өлеңдеріме байыптап қарай бастадым. Дәл осындай пікірді сол кезеңде көрнекті ақын Есенғали Раушанов та білдірді: «Өзі ғашық болған Алланың нұр дидарын өлеңмен ғана емес, қарасөзбен де жырлау – Айнұрдың өзі ойлап тапқан жол» деген пікірі мен үшін тосын ой болды. Өйткені адам ешқашан «осындай бір тақырыпта жырлап тастайын» деп жырламайды, «менің поэзиямда мынадай сарындар бар» деп те айта алмайды. Менің түсінуімде өлең өзі келеді, өзі кетеді. Жазайын деп жазған адамды мен ақын деп санамас едім. «Өлеңді іздеп жүріп жазбаймын, өзі келген өлеңнің көңілін қалдырмай қағазға түсіремін» дегенім – Құдай ақы, менің шынайы болмысым. Өлең – сенің өзің, өлең – сенің мінезің, өлең – сенің тағдырың, өлең – сенің бар болмысың. Ол – сенің таным-түсінігің, ол – сенің сөз саптауың, ол – сенің ойлау ерекшелігің. Өз болмысымен үн қатып жүріп адам өзіндегі сарынды өзі аңғара бермейді. Мен де өзімде сопылық сарын бар екенін бағамдаған жоқпын. Өйткені мен солай сөйлеймін, солай ойлаймын, солай сезінемін. Бар болғаны сол...
Ал енді «Қазіргі діни өлеңдер дидактикаға бейім деген тұжырымға келісесіз бе?» деген сауалыңызға орай бірер сөз. Жалпы, дидактизм – түркілік поэзияның болмысында бар бір мінез. Түркішілдік теоретигі Зия Гөкалптың: «Әрбір халық әлемдік өркениетте белгілі бір жетістіктерімен орын алады. Түркілер мораль мәселесінде ерекше жетістікке жеткен» деген пікірі осы тұста орайлы. Сол жетістігін түркі халықтары төл тарихында таңбалап, әдебиетінде кестелеп қалдырды. Ал моральдық құндылықтар дидактикалық сипатта танытылуға бейім.
Діни поэзия дидактизмнен іргесін аулақ сала алмайды. Өйткені ол бір есептен ағартушылық, танымдық, тәрбиелік бағыттағы поэзия болып та саналады. Ал оған сопылық сарын үстелсе, жоғарыда айтылғандай лиризм күшейеді. Сондықтан дидактизмді кемшілік емес, қажеттілік, яғни діни поэзияның қос қанатының бірі деп қарағанымыз жөн.
– Бүгінгі ұрпақ ұлттық дүниетаным, салт-дәстүр, әдет-ғұрып кеңістігінен алшақтап барады деген ой басым. Қоғамдық қабаттарда әртүрлі топтардың көзқарасы өмір сүреді. Кейбір діни топтар көбінесе салт-дәстүрді жоққа шығаруға бейім келеді. Сіз салт-дәстүрді жоққа шығаратын діни уағызшылардың іс-әрекеттерін өткір сынадыңыз. Нақты ойларыңызды ғылыми тұрғыдан терең зерделеп, бірнеше көлемді мақала жаздыңыз. Дегенмен қазір әлеуметтік желілерде уағызшылардың ұлттық танымға қарсы пікірлері жиі кездеседі. Бұл имам-уағызшылардың сауатсыздығының салдары ма, әлде басқа да себептері бар ма?
– «Діни уағызшылар» деген тіркес тек дәстүрлі емес діни ағым өкілдеріне қатысты қолданылады. Олар «имам» деп саналмайды, өйткені барлық имамдар тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының бұйрығымен ресми түрде тағайындалады және сол басқарманың қарамағында жұмыс істейді. Олар аяқталған орта немесе жоғары діни білімі бар тұлғалардан ғана тағайындалады, арнайы аттестациядан өтеді, «Дін қызметкерінің шариғи мінез-құлық ережелеріне» сәйкес жұмыс істейді. Кезең-кезеңімен білім жетілдіру курстарынан өтеді және олардың елеулі бөлігі белгіленген тәртіпте ротация арқылы ауысып тағайындалып отырады.
Қазір әлеуметтік желілерде уағызшылардың ұлттық танымға қарсы пікірлері жиі кездесіп жатқан болса, демек олар сол баяғы біз сынаған дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері деген сөз. Оларға қатысты «сауаттылық» деген ұғымды қолданудың өзі күмәнді, өйткені олардың танымал серкелері болмаса, қарапайым ұстанушыларының аяқталған діни білімі барлары жоқтың қасы. Ал белгілі уағызшылары, олар, әрине, өз мүддесіне тиімді сөздерді ғана айтады және барлық іс-әрекеттерін сол мақсатқа ғана құрады. Бұрын да сан рет айтқанымыздай, оларда «ұлт» деген ұғым да, құндылық та жоқ, сондықтан ұлттың ұстынын күйрететін ұстанымдар олар үшін оңтайлы. Мұндай әрекеттер ұлт бірлігіне, қоғам тұрақтылығына, мемлекет тұтастығына қашанда қауіп төндіреді.
– Діни уағыз айтатындардың көбі пәнаралық ғылымдардан мақұрым екені жасырын емес. Олардың тек діни іліммен шектелетінін байқаймыз. Осы уағызшылар корпусын арнайы лицензия арқылы жасақтау керек деген байлам да жиі естіле бастады. Бұл пікірді қолдайсыз ба? Уағызшыларды іріктеу «сенім бостандығына» шектеу қоймай ма?
– Тағы да қайталап өту қажет, «уағызшы» деген ұғым тек дәстүрлі емес дін өкілдеріне қатысты қолданылады. Ал олардың заң бойынша діни уағыз айтуға құқығы жоқ, сондықтан оларды іріктеудің мүмкіндігі жоқ. Ислам бағытындағы діни уағызды жоғарыда айтылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы тағайындалған мамандары – имамдар ғана айта алады. Сол секілді өзге дін өкілдерінің де тек ресми тіркелген діни бірлестіктерінің арнайы бұйрықпен тағайындалған қызметкерлерінің ғана діни уағыз айтуға құқығы бар. Бір сөзбен айтқанда, бейберекет уағызшылық әрекеттердің барлығы заң бұзушылық болып саналады және оларды бақылау құқық қорғау органдарының құзырына берілген. Заңсыз әрекет болғандықтан оларға қатысты «лицензиялау» ұғымы қолданылмайды. Ал ресми тіркелген діни бірлестік өкілдері жоғарыда айтылған өзіндік тәртіппен әрекет ететіндіктен, олардың іс-әрекеті лицензияланатын қызмет түріне жатпайды. Айтпақшы, бұрынғы «Лицензиялау туралы» заң да күшін жойған, қазір оның орнына «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң жаңа редакциясымен қолданылуда. Бұл да бірқатар нормаларды қайта қарауға себеп бол-
ды.
– Біз зайырлы мемлекетпіз дегенді жиі айтамыз. «Зайырлылық» дегеніміз не? Жас ұрпаққа зайырлылық қағидатын қалай сіңірген дұрыс? Өз сенімін тықпаламайтын, өзгенің сеніміне құрметпен қарайтын, өзгенің діни көзқарасын күсталамайтын, «менің дінім, менің жолым, менің ақидам ғана дұрыс» деген сыңаржақтылықа ұрынбайтын қоғамдық орта қалыптасуы үшін «зайырлылық» ұғымын халыққа түсінікті тілде сіңірудің тиімді жолы бар ма?
– «Зайырлылық – біздің таңдауымыз емес, тағдырымыз» деп мен үнемі айтамын. Тарихи тағдырымыз бізді жүз ұлттың баласын бауырға басып, сан түрлі сенім өкілін бір шаңырақ астында біріктіруге мәжбүр етті. Кешегі тағдыр – бүгінгі күннің шындығы. Осындай тағылымды әрі тауқыметті тағдыр нәсіп болған соң біз осы тарихи міндетті абыроймен атқаруға ұлт ретінде де, мемлекет ретінде тырысып келеміз. Тарих дөңгелегі кері айналмақ емес: өткенді оралтып, бір ұлтты, бір дінді мемлекет болу дәурені бізге енді қайта келмейді. Сондықтан өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын тығырықтан шығар жол – біз үшін тек зайырлылық қана.
«Зайырлылық» деген ұғым мемлекетте ешбір діннің, сонымен қатар дінсіздіктің де үстем болып саналмайтынын, барлық азаматтардың сенім және дүниетаным мәселесінде құқығы тең екенін білдіреді. Бірақ бұл қалағаныңды жасап, биліксіз бетімен кету деген сөз емес. Зайырлы мемлекет азаматы өз сенімін ұстануға немесе ешқандай сенімді ұстанбауға құқылы; бірақ ол барлық дін өкілдеріне құрметпен қарауға, өз дінін өзге діндерден жоғары қоймауға, өзге дін өкілдерінің діни сенімін қорламауға міндетті. «Менікі ғана дұрыс, өзгелер адасып жүр» деген пікір зайырлылықтың ғана емес, барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарына да қайшы келеді. Зайырлы мемлекеттегі басқару жүйесі дінге емес, құқықтық нормаларға негізделеді және құқықты сақтау арқылы азаматтардың сенім мәселесінде де өзара тең болуына жағдай жасалады. Пікірлер мен дүние-
танымдардың әралуандығына жол беріледі, бірақ шектен шықпау және өзгелердің құқығын бұзбау талап етіледі.
Мемлекет – зайырлы, бірақ қоғам қашанда гетерогенді, яғни әртекті. Діни сенім бостандығы – сол әртекті қоғам өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруі үшін қажетті шарт. Әр адамға өз сенімі, өз құқығы қымбат. Оны қамтамасыз ете алатын мемлекет тұрпаты әзірге тек зайырлылық қана. «Демократияның да оңып тұрғаны шамалы, бірақ адамзат қоғамы әзірге одан артық ештеңе ойлап тапқан жоқ» деген У.Черчиллдің сөзі бар ғой. Сол секілді зайырлылықты да кемел мемлекет сипаты демей-ақ қояйық, бірақ біз үшін одан оңтайлы мемлекет тұрпаты әзірге жоқ. Зайырлылықтың ең түсінікті қағидаты
сол – өз құқығыңды сақта, бірақ өзгенің де құқығын қорлама.
– Қазір балаларды әлеуметтік платформалар тәрбиелеп жатыр. Бала танымын қалыптастыруда ата-ана неге мән бергені жөн? Балаларды «рухани аштықтан» қалай қорғаймыз?
– «Әлімсақтан ақырзаманға дейін тәрбиенің екі-ақ тетігі бар: білім және еңбек» дегенді мен жиі айтамын. Осы екеуін өз деңгейінде қамти білген толымды тәр-
бие – рухани аштыққа ұрындырмайтын сенімді құрал. Әлеуметтік платформалар қанша әсерлі болса да, ата-ана берген тәрбиенің тінін түбегейлі бұза алмайды. Әрине, егер ол тәрбие жүйелі, ықпалды болса. Ал тәрбие ықпалды болуы үшін сол баяғыда айтқанымыздай, ата-ана өз тұлғасымен үлгі бола білуі қажет. Тәрбие деген отыра қалып ақыл айту емес. Ол ең алдымен сенің болмысың арқылы беріледі. Бала көргенінен көбірек өнеге алады. «Балаңызды тәрбиелеп әуре болмаңыз – ол бәрібір өзіңізге тартады» деген сөздің де жаны бар.
Ата-анасының оқып-тоқып, тынымсыз еңбектеніп жүргенін көрген бала кішкентайында бірінші соған еліктейді. Дәл сол кезден бала тәрбиесін бейберекет жібермей, бірден кітап оқуға, қарапайым үй шаруасынан бастап, еңбек етуге тоқтаусыз баули бастау керек. Сәл есейіп, буыны қатып, қалып алып кетсе, баланың тәрбиеге илігуі қиын болады. Ал кішкентайынан мол қимылдап, білім ізденіп, өнімді әрекет етіп үйренген бала есейгенде де осы қалыбынан айнымай, қозғалысқа, ізденіске бейім болады.
Рас, әлеуметтік желілер балаларға, әсіресе, жасөспірім шағында қаттырақ әсер етеді. Осы тұста ата-ана да бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуі қажет. Жалпы, жас ерекшеліктері психологиясына сәйкес жас баладан гөрі жасөспірім шақтағылар бірнеше есе көп назар аударуды талап етеді. Тәрбие үдерісіндегі ең қиын кезең – осы шақ.
Осындай сындарлы шақта ата-ана балаға түсіністікпен де қарауы керек, бірақ нақты талаптар да қоя білуі керек. Қазақтың «бағып-қағу» деген тамаша тіркесі тәрбиенің ең өзекті екі қырын терең танытады. Баланы асыра, бақ, ішіндір-киіндір, білім бер, еңбекке баулы – мұның бәрі бағу. Ал қажет жерінде тоқтау салып, тыя біл, талап
қой – мұның аты қағу. «Қағу көрмей қарсы өскен қалқатайлардан» ата-ананың көресісі көп болады. «Нашар тәрбие – болашақтағы қайғыңыз» деген Абай сөзі осыны меңзейді. Ең бастысы – бала ата-анасының қандай қиын кезеңде де өзін қолдайтынын, оларға сүйенуге, сенуге болатынын сезіне алса болғаны. Қалған қарым-қатынастар бірте-бірте, баласының есеюімен қатар реттеледі.
Осы орайда бір нәрсені назарға салу қажет – қазақта бала тәрбиесіне қатысты «өтпелі кезең» деген ұғым болмаған. Керісінше, «Он үште – отау иесі» деп, бүгінде өтпелі кезеңде деп саналатын жасөспірімге үлкен жауапкершілік жүктеген, онымен сырласқан, ақылдасқан, сүйенген. Солайша, дұрыс бағдармен есеюіне серпін берген және ата-ана ретінде өзінің де жүгін жеңілдеткен. «Бала өзіңмен бірге өседі» деген сөздің үлкен мәні бар екені осындайда ашыла түседі.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен –
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ