Орыстың өмірден тым жас кеткен қыршын ақыны Дмитрий Веневитинов (1805-1827) небәрі 21-ақ жыл ғұмыр кешкен. Ол бүгінгі кейіпкеріміз Маралтайдың жерлес-туыс ағасы Артығали Ыбыраевпен (1953-1974), Өтежанұлы Саят ақынмен жасты. Үшеуінің де артында 40-50 ғана өлең қалды. Ал Дмитрийден мүшел жас кіші гүржін шайыры Николаз Бараташвили (1817-1845) біздің Сұлтанмахмұтпен (1893-1920) түйдей құрдас, яки 27 жас жасаған. Николаз бар болғаны 40 өлең, бір шағын поэма қалдырса, Торайғыров мұрасы қисапсыз деуге тұражақ. Ол аз ғана ғұмырында 100 қаралы лирикалық өлең, бес поэма, екі роман, басқа да публицистикалық шығармалар тудырған. Сөйте тұра, дүниеден өтерінде: «Тағы бір бес жыл ғұмыр бере гөр!» деп Алла-Тағалаға жабарыныпты. Хас ақындардың жүрек ымбалы, табиғи сезімталдығы «томарбас торы шобырлардан» бөлек болатыны жайлы сан қилы аңызға айырбастағысыз кептер бар. Қадырдың «Жазмышын» парақтасаң да қаншама мысалына ұшырасасың. Біздікі «Жазмышта» жазылмаған жайлар.
Бірде жас (алты жас кіші) Веневитиновтің өлеңдерін оқып отырып, даңқтың құзарына шырқай бастаған, дүниеде Данте мен Байроннан басқа ақынды өзіне деңгел көрмей жүрген А.Пушкин, яки Дмитрийдің туысқан ағасы: «Мынадай жырлар жазсам, бүгін өліп кетсем де өкінбес едім!» деп таңдайқата болып тамсаныпты деседі.
Дмитрий де «таңдайына шайтан түкіріп», өзінің «зу ете қалатын» шолақ ғұмыры хақында ерте сәуегөйлік жасапты:
Душа сказала мне давно:
Ты в мире молнией промчишься!
Тебе все чувствовать дано,
Но жизнью ты не насладишься...
Ақынды жерлерде араб Пушкин мен поляк Мицкевич көпке дейін азалы көңіл күйден босай алмапты...
Мұндай сәуегөйліктен Николаз да құр емес. Оның төмендегі жыры өзінің қыршын өлімі сәті мен құлпытасы орнар мезетті дәл суреттеуімен таңғалдырады.
Это легкий переход
В неизвестность от забот
И от плачущих родных
На похоронах моих.
Это синий негустой
Иней над моей плитой.
Это сизый зимний дым
Мглы над именем моим (Б.Пастернак аудармасы).
Құранның 13 парасын көтерген қари Сұлтанмахмұт осынау Ғайсаның дініндегі жастастары құсап алдын болжап айтпағанмен: «Жасамаймын еңбектің Қызығын көзбен көрем деп...» деген түйінімен-ақ өмірінің ақырғы нүктесін қойып кеткендей.
Қапыда адам қолынан жұмбақ өлім құшқан Артығали марқұмның аз ғана мұрасын парақтасаң да ғұмырының қысқалығы жайлы әлденеше ишараларға тап боласың. Солардың бірі мынау:
Сынасып сабыр – меже, күле жетем,
Тақалды таусылуға, міне, мекен,
...Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!
Дәл байқап отырсыз, өзінің ғұмыр-соқпағының келте екенін, ұзамай рухы шығанға шырқап кететінін ақындық қуатпен образға орап беріп отыр. Бәлкім, ырықсыз, әлдебір тылсым қуаттың ексімі айтқызып отыр... Ал Саят-қыршын өз өлімін одан да нақтырақ елестетеді:
«Босағаң сенің құлайды,
Үйленбей жатып, көркеймей...»
Ақынның жыры жылайды
Көр азап шеккен Орфейдей...
Мұның бәрін «әлқиса» қылғандағы мақсатым не?
Қазіргі қазақ көркем сөзінің көрнекті өкіліне айналған Маралтайдың шығармашылығымен де, өмір жолымен де бір кісідей таныспын десем, ұшқарылық болмас. Оның өлеңдеріндегі соны серпін, тың ырғақ әп дегеннен талай назарды жалт қаратқаны рас. Пушкинсініп: «Шіркін, мынадай өлең жазсам!» дей қоймаған шығармыз, бірақ бейжай қалмағанымыз анық. Онымен 1995-мамырында «Дәуір» баспасында Нұрлан досым Мәукенұлы таныстырған. Содан бері ағалы-інілі қалыптан ажырамадық...
Маралтай да поэзия жайлауына сәуірдің аспанындай аласапыран екпінімен келді. Ол да келе сала:
Бала арманым өлді екен деп тереңде,
Болмас іске қабағымды керем бе?!
Жерге сыйлап жансыз қалған тәнімді,
Көкке кетем көресімді көрем де! – деп қорқыта бастады.
Бірде:
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын,
Қазылмаған қабірімнің қасында! – деп үркітсе, тіпті, кейде бұдан да ары сілтеп:
Бүгінгі түн – мен үшін ақырғы түн,
Өмірімнің ажалға атын бұрдым, – деп иманымызды қасым қылды. Бүгін бүгудің қажеті жоқ, осынау әуірі бет шарпыған өлеңдерді оқыған сайын, ішімізде, әңгімеміздің «әлқисасында» айтқан қыршын шайырлардың тағдыры бұйырмағай да деген үркін тілек болды.
Кімге жасырын, ізімізді баса келген Маралтай кешкен «тозақты» біз де кештік. Бұрынғы жүйе шілпара ыдырап, күллі құндылықтар күйреген тұста өмір сүру кімге оңай тиді дейсің?! Оның ішінде, жүрегі жайтартқыш сынды ақын байғұсқа сынақтың еселеп келері мәлім ғой. Қуыс-қуыстың бәрі – азғын-тозғын, ұры-қары, бұрыш-бұрыштың бәрі – рэкетир, бандиттер. Ішімдікке салыну, нашақорлыққа ұрыну, ұрғашы қауымның азғындығы қалыпты жағдайға айналған. Бұрын кездеспеген «қазақы қайыршылар» қаптап кеткен. Қадамыңды сәл қиыс бассаң – оппаға түсесің, ауызыңды сәл бұрыс ашсаң, басыңмен қоштасу қиын емес кезең-ді. Бірақ біздің Маралтай сол алаңдарды да, қалтарыстарды да тарпаң қалпында кешіп өтті. Оның Шер-ағаның – 60, ұлы Абайдың 150 жылдық тойында «жұртта қалған», Кеңсай қабірстанында «тіркеуде» тұрған шақтары да сол мезгіл. Бүгінде күлкіге сайғарып сөз қылсақ та ол заман күлкің – күміраға айналған, құлқың «құмыраға» байланған құрдым шақ-тын.
Ақынның «Кеңсайдағы диалог» жыры былай басталады:
Жүрсе де шалқып қанша күн,
Ақыры – өлім баршаның...
– Шарабың бар ма, құйсаңшы!
– Шылымың бар ма?
– Шаршадым...
– Жоқ болып кетіп кейде сіз,
Келесіз кейде жейдесіз.
Сыйысып жатып едік қой...
(Сөйлейді сөздер бейнесіз)
– Сыймаймын мынау қалаға!
– Сыймағам мен де Далаға...
– Сен мені танып тұрсың-ау?
– Мен сізді... Иә... Жан-аға!
Бұл ақын басынан өткен қосүрей (галлюцинациялық) хәл ғана емес, сол кезеңдегі тентіренді адам, қалтыранды ақын, әсіреңкі қоғам, яки «бейнесіз сөздер» үстемдік құрған заманды телғабыс алып суреттеген өттей ащы ақиқат!
Есіме түседі, баспанасыз ақын кейде жұмыс аяқталған шақта «Дәуір» баспасының қараңғы бұрыштарына тығылып іште қалып қояды екен. Тоғыз қабат алып ғимаратты түнімен жалғыз өзі билеген, қышқылтым қорылға бөлеген дәруіш таң алдында оянады. Әрине, ондай кезде «бір себепсіз қайғы құр пендені басып», жаныңды жалғыздық жайлап алатынын басынан кешкендер біледі. Міне, Маралтай сол шақта жалғызсырамаудың амалына көшеді. Ол барлық еркі өз еркіне тиген тегін телефонның құлағына мінеді. Қойындәптеріндегі (жоғалмаған болса) телефоны барлардан «сырлас» іздейді. Сондай «беймезгіл сырластардың» бірі біз едік. Сонау жер түбіндегі Маңғыстауда (ол кезде Алматы мен Маңғыстаудың уақыт айырымы – екі сағат, яки Алматыда 05 сағат болса, бізде – 03) түн ауғы шырт ұйқыда жатқан менің үй телефоным кенет шабынан шаян шаққандай баж-ж-ж ете қалады! Әрине, мезгілсіз ұрылған зыбан не түрлі үрейлі ойларымен ұйқыңды шайдай ашады. «Баршы» деп жұбайыңды жұмсайсың. Мігірсіз бейнеттен діңкелеп жүрген ол байғұс шарасыз барып тынбай безілдеп жатқан трубканы алады. «Әл-лө... Қазір...» дейді көңілсіз үнмен. Қайтып келіп «Маралта...» дей беріп сылқ етіп бәз ұйқысына шомып кете барады. Содан соң, әрине, «саһар тұтқан» бағзы дәруіштердің емес, зәһар жұтқан бәңгі нәдұрыстардың «сәрі сұхбаты» басталады. Басында «неге беймезгіл соғасың?!» деп өкпеңді айтарсың, содан бір замандар өткенде қарасаң, сен де екіленіп, мынау алапес заманды, мінәпас қоғамды қосыла сықпыртып отырғаныңды бір-ақ байқайсың...
Маралтайдың буыны өз кезеңі сияқты өте мазасыз ұрпақ болды. Бабажанның Бауыржаны, Шаймаранның Мұраты сынды кейбір сабырлылары сабасын сарықпай, көп аса тарықпай өтпелі кезеңнен аман өтті. Осылардың ішінде, әсіресе, Әділ Ботпанов, Әмірхан Балқыбек, Маралтай – үшеуінің екпіні тау жыққандай-тын. Өкініштісі, алғашқысы сол тауға сіңіп ғайып болды, екіншісі тауға ұрылып майып болды, соңында Хай-Марал қалды жайып қолды...
Оның «Ат қою» атты өлеңінде мынадай жолдар бар:
«Тай-Марал» дейтін еді Есен ағам,
Жүргенде тірісінде есен-аман...
«Ай-Марал» дейді мені Тыныш көкем,
Серленген сөзі алтын, күміспенен...
...«Хай-Марал» дейді бүгін Свет ағам,
Бас иген пайғамбарға – үмметі аман.
«Мәңгі» деп есіміме мән жалғаған,
Қос өмір, қос дүниеде құрмет оған!
Алдыңғы екі ағам неге олай атағанын өздері білер, ал менің оған осындай таһаллус қоюым тегін емес-тін. «Хай» – Жаратушының «Мәңгі» деген сипаты. Мұның софылық ілімде рухани терең астары бар. Софылардың ең жоғарғы мақамдары – «Фәнә-филлаһ», «Бәқа-биллаһ» дәрежелеріне, яки «Аллаға сіңу», «Мәңгілікке сіңу» сатыларына өту! Ол нағыз әулиелердің пешенесіне жазылған бақ. Демек, ондай құл «Хай» сипатын қабылдайды. Мен, әлбетте, Маралтайдың ондай дәрежеге жетуіне тілектес болсам да, «сондай дәреже тапты» деп күпір болудан аулақпын. Мәселе басқада. Әңгіме ұлттың ішкі мәңгі қуаты жайында. Маралтайдың да әлгі әзіз достары құсап «он екіде бір гүлі ашылмай» жоқтыққа кетуі әбден мүмкін-тін. Өйткені ол сол ережесіз заман, дәрежесіз қоғамда күні-түн екі дүниенің шекарасында жүрді. Кеңсайдың «пропискасы» оған тегін берілген жоқ... Құдайға қай қылығымен жаққанын кім білсін, әйтеуір таңдайы қырық қыртыс қорғансыз ақынның маңдайы жырта қарыс екен! Оған Құдайдың «Жаратушы» сыпатына ие «Халық» қол созды: құрдым-дарияда жаңқадай жанұшырған шайыр-балаға нұр-қармағын лақтырып, жағаға суырып алды. Мен бүгін күллі қазақтың мейір-махаббаты, пейіл-шапағаты болып оған қол созғандардың біразын білем. Олардың ішінде: Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов, Фариза Оңғарсынқызы, Исраил Сапарбай, Күләш Ахметова, Темірхан Медетбек, Иран-Ғайып, Ғабиден Құлахмет, Есенғали Раушанов т.б.-лар бар еді. Жас таланттың тағдырына мұнша ықыласпен алаң болып, қамқор қолын созғандар бұрын-соңды болды ма екен бұл топырақта? Ай, қайдам? Күні кеше ғана дауасыз дерт құрсап, өлім аузында жатқан Қасымның үстінен тынымсыз арыз ұйымдастырған да осы жүрген біздер едік қой! Мұқағалиды мұнар-мұңға малтықтырған, Жұмекеннің жүрегін жарып жіберген, Төлегенге қызмет бермей тентіреткен, жаңғыз ұлын атылып өлуге мәжбүрлеп, Өтежанды өксіткен кімдер еді?..
Бұл жолы:
Жан едім адалдықпен таң атырған,
Ақынның атпаңдаршы қанатынан! – деп жанұшыра жалбарынған ақын баланың жандаусына Жасаған Ие иіді! Иігені сол, жоғарыда аттары аталған аға-апалары оны рухани сұхбатқа шақырды, жандүниесіне үңіліп, сырласты. Мысалы, Исраил шайыр «Хат жаздым қалам алып Маралтайға» деген тұтас жыр-хат шоғырын жазды. Мұндай пішімі бөлек жыр-хат, сыр-хаттар бұрын Мұқағали мен Иран-Ғайып арасында ғана жазылған...
Исраил:
Құлама, жылама да, сүрінбе де!
Қуласын, құламасын құлын-дене.
...Денеңді дімкәс жандай діріл көме,
Күрмеліп бара жатыр тілің неге? – деп, ағалық тілекпен аласұра тіл қатты.
Оған інісі елжіреп, езіліп-егіліп түсудің орнына:
Тар маңдайы қатпар-қатпар мына күн
Жадырамас жырласа да мың ақын.
«Жарамсыз боп танылсын, – деп, – күлкісі!» –
Миығына мөрін басқан дүм-әкім.
Ішу керек!
Сіз де ішіңіз, ішем мен,
Кещелерді көріп күнде күшенген.
Тәңір танып сүйгенінше маңдайдан,
Ажал алып кеткенінше кісенмен! – деп тапсынып бақты.
Күләш апасы ене-көкірекпен:
Алдың – майдан, бұл өлең – бүлік десең,
Жет, Маралтай, жел табан киікке сен.
Дала – сенің өлшемің, жеткеніңше,
Таулар – сенің өлшемің, биіктесең! – деп қайрады, қайраттандырды.
Темірхан көкесі «Алтынкөпірліктер» деген атаулы мақала жазды. Ал біз – «ағашкөпірліктер», олардың тілеуін тіледік. Тілеуін тілеген біз ғана емес едік. Әбіш Кекілбайұлы Фариза апа туралы мақаласында «тұлғаны ең әділ бағалай алмайтындар замандастары» деген ой айтады. Шыны солай. Бірақ бұл жолы сол шындық жаңылды. Хай-Маралдың ең талантты тұстастары оған ең сәтті шумақтарына орап, ең тәтті ниеттерін арнап жатты.
Міне, сөйтіп Ата-Қазақ ақынын алқады. Өңі жаман Өрт пен демі жаман Дерттен арашалап қалды...
Ақын да бірде ағаның, бірде апаның, бірде қатар-құрбының қолы болып созылған ізгіліктер мен игіліктерді Құдайдың өзіне деген мейірім-шапағаты ретінде қабылдай алды. Содан да қолынан сырғып түсе жаздаған қаламына қайта жармасты. Жармасты да жауһар жырларды үстін-үстін дүниеге әкеле бастады. Оның аса көлемді «Аруана» поэмасы XXI ғасырдағы қазақ дастандарының ішіндегі дара туындылардың бірі. «Балбалтас», «Ақ батпырауық» атты көлемді кітаптары тынымсыз ізденіс пен мігірсіз жұмыстың нәтижесі. Соңғы кітабы мемлекетіміздің дәрежелі сыйлығына ұсынылып жатқаны мәлім.
Ақынның төрт маусымы да мазасыз. Содан да үшбу мақаланың атын «Маралтайдың мазасыз маусымы» атадым. Ол ешқашан өз өміріне немесе өлеңіне риза күй кеше алмайды. Өнердегі қанағатсыздық қана өрге шығаратынын, жанкештілік қана мәреге жеткізетінін білгендіктен де қаламының сиясы, маңдайының тері құрғамайды.
Ол бірде былай дейді жұлып алғандай:
Аласталдым адамзаттың
арасында жүріп-ақ,
Тобыр, топтан аласталу –
шын ақынға ұлы бақ!
Шынында, тобыр, топтан аласталмаған адамнан ақын шықпаса керек. Өйткені ақын ұғымында:
Қай қоғамда, қай дәуірде, заманда
Жер бетінде атылған оқ адамға –
Құдайға атқан оқпен бірдей әманда!
Ал Құдайға атылған әрбір оқ, ол, мейлі – өсек, ол, мейлі – ғайбат, ол, мейлі, жала болсын, ең әуелі, ақын жүрегін қан қылмақ! Ондай жүректің иесі тобырдан аласталмай тұра алмайды. Куәмін, осыдан үш жыл бұрын әлдебір шенді неме ақынға бәле жауып сотқа берді! Төменде сол кездегі шер толғауымның үзіндісін ұсынам:
...жанды «заңқор» малады уға,
«сотта» тайқып жүрме тек:
Сенің пірің – Қарабура,
Саған қамқор – Пір Бекет!
қуырғандар отқа жанды
иеленбес Пір тағын –
ақындарға «оттағанды»
соттайды ертең ұрпағым!
түрме түгіл қабірге, осы,
сыймас жырдың өкілі:
ақындардың қабырғасы –
Ақиқаттың көпірі!
сықырлатып сол көпірді
өткенде ертең Болашақ –
не айтар мұндар елге пірлі –
жүрген «өлі-қала» сап?..
...болсын пұттың қарасы нән,
ей, Хай-Марал, шегінбе! –
оның салған «қаласынан»
молаң артық сенің де!..
Шынында, Қарабура, Пір Бекет әулиелер кімнің жағында екенін көрсетті, әлгі дүмді мойыны астына қайрылып жығылды! Әділет салтанат құрды, ақын ақталды жаладан!
Ол сол бағзы қалпында – «қазылмаған қабірінің қасында жазылмаған жырларын оқып» тұр! Ал ол жырдың көсегесі – көк, әуселесі биік екенін Қазақия жұрты мойындап қойғалы қашан!..
Светқали НҰРЖАН,
ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері