Табиғатты аялау өскелең ұрпақтың бойына ерте жастан сіңірілуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс Ақтөбе облысындағы білім беру ұйымдарында, жазғы сауықтыру лагерьлерінде жүйелі жалғасып келеді. Соның бір көрінісі Ақтөбе қаласындағы «Шұғыла» балаларды сауықтыру лагерінде өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы.
Төртінші жазғы маусым аясында ұйымдастырылған іс-шараға қатысқан балалар қоршаған ортаны қорғау туралы дәрісті тыңдап қана қоймай, экологиялық бастамалардың белсенді қатысушысына айналды. Танымдық әрі тәжірибе форматында өткен акция балалардың табиғатқа деген жауапкершілік сезімін арттыруды көздеді.
Акция бағдарламасы төрт тақырыптық алаң бойынша ұйымдастырылған. Яғни, балалардың жас ерекшелігі ескерілген. Алғашқы алаңда оқушылар табиғатты қорғау тақырыбындағы әндерді орындап, туған жерге сүйіспеншілігін өнермен жеткізді. Екінші алаңда қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық қауіпсіздік туралы ойларын плакаттарға бейнеледі. Ал үшінші алаңда өткен спорттық-экологиялық эстафета командалық жұмыстың маңызын айқындап, оқушылардың ұйымшылдығы мен белсенділігін арттырды.
Акцияның мазмұнын байыта түскен төртінші алаң тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалануға арналды. Бұл алаңда 7-10 жас аралығындағы кіші топтың балалары топтасты. Олар қарапайым пластик стакандардан сәндік бұйымдар, әшекей мен шам жасап, қайта өңдеу мәдениетінің мәнін тәжірибе жүзінде ұғынды. Бұл шығармашылық жұмыс қоршаған ортаға жанашырлық танытудың күнделікті өмірден басталатынын көрсетті.
– Бүгін пайдаланылған пластиктен жаңа бұйым жасауға болатынын көрдік. Енді үйде де қалдықтарды бөлек жинап, қайта пайдалануға тырысамын, – дейді Алдияр есімді бала.
Экологиялық акция балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, табиғатты қорғау әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін ұғындыруға бағытталған тағылымды тәрбие сағатына айналды. Мұндай тәжірибе жұмысы жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін, қоршаған ортаға қамқорлығын арттырады.
– Балалардың табиғатты қорғауға қызығушылығы жыл сайын артып келе жатқанын байқаймын. Бұл жолғы акция кезінде біз олардың бойына экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін теория мен тәжірибені ұштастыруға басымдық бердік. Балалардың сөзіне қарағанда, табиғатты аялауға шақыратын мұндай акциялар қала мен облыс мектептерінде де жиі өтіп тұрады, – дейді «Шұғыла» балаларды сауықтыру лагерінің басшысы Эльмира Күлтаева.
Биыл «Шұғыла» лагерінде алты маусымдық ауысым ұйымдастырылған. Мемлекеттік тапсырыс аясында бірінші ауысымда Ойыл және Байғанин аудандарының, екінші ауысымда Әйтеке би ауданының, үшінші ауысымда Темір ауданының, төртінші ауысымда Алға және Қарғалы ауданының балалары демалуда. Алдағы екі ауысымда лагерь Ақтөбе қаласының оқушыларын қабылдайды. Жалпы, жазғы маусымда мұнда облыстың түкпір-түкпірінен келген 706 бала тынығады.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының түпкі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етумен қатар, табиғатқа жанашыр азаматтық көзқарас қалыптастыру. «Шұғыла» лагерінде өткен бұл тағылымды іс-шара сол мақсаттың өміршеңін нақты іспен айғақтай түсті. Өйткені экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол бала бойына осындай игі бастамалармен орнығып, елдің ертеңіне жауапты азамат тәрбиелеуге қызмет етеді.
Жанна Көпжанова