АҚШ-тың федералдық агенттігі мұнай резервінің жаңа дағдарыстарға төтеп беру мүмкіндігі шектеулі деген қорытындыға келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
АҚШ-тың Энергетика министрлігінің өкілдері стратегиялық мұнай резервінің ескірген құбыр желілерін, қоймалары мен резервуарларын «жамау-жасқаумен әрең ұсталып тұрған жүйе» деп сипаттаған. Сондай-ақ олар бұл инфрақұрылымның қанша уақытқа дейін жұмыс істей алатыны белгісіз екенін мәлімдеген.
– Қазіргі уақытта стратегиялық мұнай резервінен мұнайды шығару, тарату және қорды қайта толықтыру мүмкіндіктері шектеулі. Болашақта да бұл мүмкіндік ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан ескірген инфрақұрылым мәселелері салдарынан, сондай-ақ оларды жоюға бағытталған ауқымды құрылыс жұмыстарының жалғасуына байланысты қауіпке ұшырауы мүмкін, – делінген Бас бюджеттік-бақылау басқармасының есебінде.
Наурыз айында Иран Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізілімін бөгегеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп стратегиялық мұнай резервінен 172 млн баррель мұнай босатуды тапсырды.
АҚШ Энергетика министрлігінің мәліметінше, соңғы бір аптада федералдық мұнай қоры 3,7 млн баррельге азайып, жалпы көлемі шамамен 308 млн баррельді құрады. Бұл – 1983 жылдың наурыз айынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Бас бюджеттік-бақылау басқармасының дерегінше, стратегиялық мұнай резервінің 25%-дан астамы құрылыс жұмыстарының уақытша тоқтатылуына және жерасты қоймаларының жабылуына байланысты өндіруге қолжетімсіз.
Ал Rapidan Energy компаниясының шілде айындағы есебінде қазіргі уақытта кемінде 103 млн баррель мұнай қоры қолжетімсіз екені айтылған.