Түркістан облысында полицейлер 40-тан астам қарияға көмектесті

/
Түркістан облысында полицейлер 40-тан астам қарияға көмектесті
polisia.kz

Түркістан облысында полицейлер қызметтік міндетінен бөлек, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты қарияларға қолдау көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жылдар бойы адам аяғы сирек басқан аулаларға бүгін жан бітті. Бүгін полиция қызметкерлері күнделікті нысанды киімін емес, "Арлан" спорт клубының киімін киді. Қолдарына рация емес, күрек пен тырма алды. Мақсат – құқық бұзушыны іздеу емес, көмекке зәру жандардың үйіне барып, үнсіз жиналып қалған ауыртпалықты бірге көтеру.

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбековтің жас мамандарды игі істерге бағыттау тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының 17 қала және аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың, жалғызбасты қариялардың және көмекке мұқтаж азаматтардың үйлеріне барды.

Жалғызбасты қариялардың аулаларын бірнеше жылдан бері жабайы шөп басқан. Кей жерде қоқыс үйіліп, аулаға күтім жасауға иесінің шамасы жетпеген. Полицейлер ештеңеге қарамастан сол аулаларды өз қолдарымен тазалап, шөптерін орып, қоқыстарын шығарып, айналаны ретке келтірді. Бірнеше сағат бұрын қараусыз көрінген аулалар тап-таза болып, қайтадан тіршілік лебі сезілді.

Бұл бастама ешқандайда сенбілік емес, ол ай сайын жалғасын тауып отыратын игі шара. Полицейлер осылайша 40-қа жуық қарияның алғысын арқалады.

Түркістан облысы полиция департаментінің бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев мұндай бастамалар халыққа тек қызметтік міндет арқылы ғана емес, адамгершілік пен көмек қолын созу арқылы да қызмет етуге бағыттайтынын атап өтті.

– Қиын сәтте азаматтың жанынан табылып, қолдау көрсету полицей антының ажырамас бөлігі, – деді Ғ.Қуашбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары