Биылғы жылдың 8 шілдесінде БҚО Орал қалалық соты дропперге қатысты айыптау үкімін шығарды , деп хабарлайды turkystan.kz.
Сотталушы «В» ақшалай сыйақы үшін өзінің атына банк шотын ашып, оған қол жеткізу мүмкіндігін үшінші тұлғаларға бергені анықталды.
Кейін аталған банк шотына алаяқтық жолмен алынған ақша қаражаттары түсіп, үшінші тұлғалармен сотталушыға тиесілі сияқысы шегерілген соң, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Басты сот талқылауы барысында сотталушы өзіне тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады.
Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушының принципті ұстанымы мен сотталушының кінәсін растайтын сотқа ұсынылған бұлтартпас дәлелдемелер айыптау үкімін шығаруға ықпал етті.
Нәтижесінде сот сотталушы «В»-ны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 232-1-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған қатысты 78 640 теңге көлемінде айыппұл жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Құқықтық сауаттылықты арттыру және осы санаттағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Орал қалалық сотында көрсетілімдік сот процесі өткізіліп, оған аталған қылмыстық құқық бұзушылыққа тартылу қауіпі жоғары санатқа жататын жастар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Прокуратура азаматтарды ескертеді! Банк карталарыңызды, банк шоттарыңызды, электрондық әмияндарыңызды, логиндеріңізді, құпия сөздеріңізді және өзгеде төлем деректемелеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіздер.
Есіңізде болсын, «оңай табыс табу» туралы ұсыныс Сізді қылмыстық жауаптылыққа алып келуі мүмкін!