Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында заңсыз аң аулауға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тоғыз шетелдік азамат пен бір қазақстандық ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
27 қазанда «Охотзоопром» РМК қызметкерлері мессенджерлерден заңсыз аң аулау белгілері болуы мүмкін бейнежазбаларды анықтаған.
Бейнежазбада көрінген автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне қарап, мамандар түсірілім Шығыс Қазақстан облысының аумағында жүргізілген болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Жедел тексеру барысында көліктердің Зайсан қаласында болуы мүмкін екені анықталды. Алынған мәліметтер табиғат қорғау полициясына берілді.
Сол күні сағат 22:10 шамасында «Охотзоопром» инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Зайсан қаласында бейнежазбаларға қатысы болуы мүмкін үш жол талғамайтын көлікті тоқтатқан.
Тексеру жүргізу үшін тоғыз шетелдік азамат пен Қазақстанның бір азаматы ұсталды.
28 қазанда бұл дерек белгіленген тәртіппен тіркелді.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтардың ықтимал заңсыз аң аулауға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жұмыстарын жүргізуде.