Денсаулық сақтау ресурстарын басқару платформасы іске қосылды

/
Денсаулық сақтау ресурстарын басқару платформасы іске қосылды

Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет денсаулық сақтау ресурстарын басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын енгізді. Бұл – медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, медициналық техника, инфрақұрылым және саланың өзге де ресурстары туралы мәліметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін Зияткерлік денсаулық сақтау платформасы (Health Intelligence Platform).

Платформаны құру Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам болды.
ЗДП іске қосылғанға дейін сала ресурстары туралы ақпарат түрлі ақпараттық жүйелерде сақталды. Бұл деректердің қайталануына, жағдайды талдаудың күрделенуіне және басқарушылық шешімдерді қабылдау үдерісінің баяулауына алып келді. Енді барлық негізгі мәліметтер бірыңғай жүйеде шоғырландырылып, ел бойынша жағдайды нақты уақыт режиміне барынша жақын форматта объективті бағалауға мүмкіндік береді.

ЖАҢА ПЛАТФОРМА НЕ БЕРЕДІ?

Жаңа платформа Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлерге денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді: қанша медициналық ұйым жұмыс істейді, олардың дәрігерлермен, орта медицина қызметкерлерімен, медициналық техникамен және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі қандай.
Іс жүзінде әрбір медициналық ұйымның лицензиялары, кадрлық құрамы, жабдықтары, ғимараттары, бөлімшелері, төсек-орын қоры және басқа да қажетті мәліметтері қамтылған бірыңғай «цифрлық паспорты» қалыптастырылады.
Медициналық техниканы басқаруға ерекше назар аударылған. Жүйе жабдықтың сатып алынған сәтінен бастап техникалық қызмет көрсету, жөндеу және тозу деңгейіне дейінгі бүкіл өмірлік циклін қадағалайды. Бұл жабдықтарды уақытылы жаңартуға және мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары