Өзін «аса сезімтал адаммын» деп санайтын адамдардың көру, есту, иіс сезу немесе басқа да сезім мүшелері өзгелерге қарағанда сезімтал болмайды. Мұндай қорытынды Швейцарияның Берн университеті ғалымдарының зерттеуінде айтылып, нәтижелері Journal of Research in Personality ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу авторларының айтуынша, жоғары сезімталдық (Sensory Processing Sensitivity, SPS) адамның сыртқы әсерлерді күштірек сезінуінен емес, оларды қалай қабылдап, қалай бағалайтынынан туындайды.
Зерттеуге орташа жасы 23-тегі 150 әйел қатысты. Алдымен олар жоғары сезімталдық деңгейін анықтайтын сауалнамаларды толтырған. Кейін қатысушылардың есту, көру, иіс сезу, температураны қабылдау, тепе-теңдік және ауырсынуды сезіну қабілеті арнайы зертханалық сынақтар арқылы тексерілді.
Нәтижесінде жоғары сезімталдық көрсеткіші жоғары адамдардың әлсіз дыбысты, жарықты немесе иісті басқалардан жақсырақ сезетіні анықталмады. Сондай-ақ олардың ауырсыну шегі де өзгелерден айтарлықтай ерекшеленбеген.
Алайда мұндай адамдар өздерін субъективті түрде «өте сезімталмын» деп жиі бағалайтыны белгілі болды. Зерттеушілер бұл ерекшеліктің едәуір бөлігі адамның мазасыздыққа, уайымға және эмоциялық тұрақсыздыққа бейімділігімен байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
Ғалымдардың пікірінше, жоғары сезімталдық – ерекше өткір сезім мүшелерінің белгісі емес, адамның сенсорлық ақпаратты қабылдау және оған эмоциялық жауап беру ерекшелігі.
Сонымен қатар зерттеу авторлары жұмыстың шектеулері бар екенін атап өтті. Зерттеуге тек жас әйелдер қатысқандықтан, бұл нәтижелер ер адамдарға немесе басқа жас топтарына толықтай таралмауы мүмкін.