Медицина қызметкеріне күш қолданған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны сотталды

/
Медицина қызметкеріне күш қолданған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны сотталды
istockphoto.com

2026 жылғы 23 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Ұзынжар ауылының маңында мас күйінде болған ер адам қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне шабуыл жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол медицина қызметкерінің оң жіліншігіне аяғымен тепкен, іш тұсына соққы жасаған, екі қолымен оның білектерінен қатты ұстаған. Соның салдарынан медицина қызметкері дене жарақатын алып, физикалық ауырсыну сезінген. Сондай-ақ оның қызметтік міндетін орындауына кедергі келтірілген. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні тоқтатқан.

Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабының 3-бөлігі («Қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне қатысты күш қолдану») бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, яғни оған апелляциялық тәртіппен шағым берілуі мүмкін.

Аталған қылмыстық бап медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту мақсатында енгізілген. Қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне күш қолдану Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке әкелетін қоғамдық қауіпті әрекет болып саналады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары