Заң қабылданды: Франция 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салды

/
Заң қабылданды: Франция 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салды
сурет: istockphoto.com

Франция парламенті 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне тыйым салатын заң жобасын түпкілікті мақұлдады. Осылайша Франция мұндай жалпыұлттық шектеуді қабылдаған Еуропалық одақтағы алғашқы мемлекет атанып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz theguardian.com-ға сілтеме жасап.

Құжатты 21 шілдеде алдымен Сенат, кейін Ұлттық ассамблея қолдады. Төменгі палатада заң жобасын 279 депутат қолдап, 81 депутат қарсы дауыс берген. Енді құжат Конституциялық кеңестің қарауына жіберіледі. Кеңес оны ел Конституциясына сай деп танығаннан кейін ғана заңға ресми түрде қол қойылып, талаптар күшіне енеді.

Жоспар бойынша, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 15 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желілерде жаңа есептік жазба аша алмайды. Бұған дейін тіркелген аккаунттарды анықтап, жабу үшін платформаларға төрт ай уақыт беріледі. Демек, қолданыстағы балалар аккаунттарына қойылатын талап 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық орындалуға тиіс.

Жас шектеуін орындау міндеті әлеуметтік желі иелеріне жүктеледі. Платформалар пайдаланушының жасын Францияның дербес деректерді қорғау жөніндегі реттеушісі мақұлдаған тәсілдер арқылы тексеруі керек. Мұндай тексеру тек балаларға емес, аккаунт ашатын ересек пайдаланушыларға да қатысты болуы ықтимал.

Заңға TikTok, Instagram, Snapchat және Facebook секілді әлеуметтік желілердің кіретіні анық. Алайда құжатта тыйым салынатын платформалардың жеке тізімі көрсетілмеген. Қай қызметтің әлеуметтік желі болып саналатыны Еуропалық одақ заңнамасындағы анықтамаларға сәйкес белгіленеді.

Сондықтан YouTube немесе WhatsApp толықтай шектеуден босатылады деп кесіп айтуға әзірге ерте. Мысалы, жеке хат алмасу қызметі тыйымға кірмеуі мүмкін, бірақ платформадағы бейне ұсыну, көпшілікке жазба тарату немесе өзге адамдарды бақылау секілді әлеуметтік желіге тән мүмкіндіктерге шектеу қойылуы ықтимал. Бұл мәселенің нақты тәртібі заңды жүзеге асыратын қосымша ережелерде айқындалмақ.

Құжатта онлайн энциклопедияларға, білім беру және ғылыми анықтамалықтарға, сондай-ақ ашық бастапқы кодтағы білім беру жобаларын таратуға арналған платформаларға ерекшелік қарастырылған. Яғни Wikipedia секілді танымдық ресурстарға жалпы тыйым қолданылмайды.

Франция президенті Эммануэль Макрон бастаманы балаларды алгоритмдердің ықпалынан, кибербуллингтен және зиянды контенттен қорғауға бағытталған маңызды қадам деп атады. Ол шектеудің жаңа оқу жылы басталғанға дейін жүзеге асырылуын қолдап отыр.

Францияның денсаулық сақтау мекемелерінің дерегінше, елдегі 12 мен 17 жас аралығындағы балалардың шамамен 90 пайызы смартфонды күн сайын интернетке кіру үшін пайдаланады. Олардың 58 пайызы әлеуметтік желілерге тұрақты кіреді. Мамандар мұндай платформалардағы кейбір материалдардың өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, қауіпті мінез-құлықты насихаттайтын контентке тап болуға және психологиялық жағдайдың нашарлауына ықпал етуі мүмкін екенін ескертеді.

Сонымен қатар заң жобасына қарсылық білдіргендер де бар. Сын айтушылар жас тексеру жүйесі интернеттегі жасырындықты әлсіретіп, пайдаланушылардың жеке деректеріне қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Сондай-ақ балалардың шектеуді VPN және басқа техникалық құралдар арқылы айналып өтуі ықтимал деген пікірлер айтылды.

Заң жобасы мектептерде телефон қолдану тәртібін де күшейтеді. Жаңа оқу жылынан бастап Францияның жоғары сыныптарында ұялы телефонды сабақ кезінде және мектептің кейбір аумақтарында пайдалануға шектеу қойылмақ.

Францияның шешімін Еуропаның басқа мемлекеттері де мұқият бақылап отыр. Испания, Дания және Грекия балалардың әлеуметтік желілерге кіру жасын шектеуге бағытталған ұқсас бастамаларды қарастыруда. Ал Австралияда 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желі пайдалануына тыйым салатын заң бұған дейін қабылданған.

Франциядағы жаңа тәртіптің іс жүзінде қаншалықты тиімді болатыны жас тексеру жүйесінің сенімділігіне және платформалардың талаптарды орындауына байланысты. Қазіргі кезде парламент өз шешімін қабылдады. Ендігі маңызды кезең, заңның Конституциялық кеңестің тексеруінен өтіп, техникалық тұрғыдан жүзеге асырылуы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары